Қазақстандық делегация Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімовтің жетекшілігімен Сингапур Үкіметі ұйымдастырған «Қалалық су ресурстары мен қалдықтарды тұрақты басқару саласындағы көшбасшылық» атты біліктілікті арттыру бағдарламасына қатысып жатыр.
Бағдарлама ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Singapore Cooperation Enterprise компаниясы арасында жасалған келісім аясында жүзеге асырылуда. Бұл келісімге Сингапур Республикасының аға министрінің Қазақстанға 2026 жылғы 26 тамыздағы ресми сапары барысында қол қойылған.
Бағдарлама аясында қазақстандық мамандар Сингапурдың су ресурстарын кешенді басқару жөніндегі тәжірибесін зерделеп жатыр. Атап айтқанда, судың ысырабын азайту, су ресурстарын ұтымды пайдалану, су тасқыны қаупін басқару, экологиялық тұрғыдан тиімді шешімдерді енгізу және су инфрақұрылымын қалалық ортаға кіріктіру мәселелеріне баса назар аударылуда. Сондай-ақ Сингапурдың PUB Ұлттық су агенттігі қызметімен танысып жатыр.
Бұдан бөлек, бағдарлама аясында заманауи тәсілдер мен технологиялардың іс жүзінде қалай қолданылатынын зерделеу мақсатында ірі су шаруашылығы нысандарына бару жоспарланған.
Бағдарламаның практикалық бөлімінен бөлек, Сингапур Республикасының еңбек ресурстары, сауда және өнеркәсіп мәселелері жөніндегі мемлекеттік министрі Фу Чесянмен, Қазақстан Республикасының Сингапур Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Асқар Құттықадаммен және бизнес өкілдерімен кездесулер өтті.
Кездесулерде су саласын дамыту, су ресурстарын басқарудың заманауи тәсілдері мен озық тәжірибелерді қолдану мәселелері бойынша пікір алмасылды. Сонымен қатар Қазақстан мен Сингапур арасындағы су саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.
— Бағдарлама нәтижелері Қазақстанның су саласына арналған технологиялық және басқарушылық шешімдерді әзірлеу кезінде ескеріледі. Атап айтқанда, судың ысырабын азайту, цифрландыру, су ресурстарын қайта пайдалану және су шаруашылығы инфрақұрылымының тиімділігін арттыру бағыттарына басымдық беріледі, — деді ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов.
Бұған дейін сингапурлық компания Астананы өңірлік авиациялық хабқа айналдыру ісіне атсалысатынын жазғанбыз.