«Синьхуа» Орталық Азияның ақпарат агенттіктерімен ынтымақтастықты күшейтеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігі Орталық Азия елдерінің ақпарат агенттіктерімен бірге жасанды интеллектке арналған трансұлттық және трансөңірлік зертханалар құруға, деректер, технологиялар және қосымшалар алмасуды нығайтуға, жаңа сападағы медиалық өндіріс күштерін дамытуға дайын. Бұл туралы «Синьхуа» бас директоры Фу Хуа «Қытай — Орталық Азия» ақпарат агенттіктері форумында айтты.
Оның айтуынша, Қытай мен Орталық Азия елдерінің ақпарат агенттіктері беделді ақпарат тарату, замана ағынын бағамдау, өркениеттер арасындағы өзара алмасуды ілгерілету жағынан үлкен жауапкершілік арқалайды. Осыған байланысты «Синьхуа» басшысы төрт бастама ұсынды.
− Ең алдымен Қытай мен Орталық Азия ынтымақтастығы тарихын бірлесе баяндауды ұсынамын. Төраға Си Цзиньпин Қытай мен Орталық Азия туралы әңгімелеудің маңыздылығын атап өтті. Қытай мен Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасының тарихи тамыры терең, кең ауқымды практикалық қажеттілік пен қоғамдық қолдауға ие. Соңғы жылдары мемлекет басшылары жүргізіп отырған дипломатиялық стратегия аясында бірқатар декларация мен бастамалар жүзеге асып, түрлі платформа мен тетіктер нәтижелі жұмыс істеуде. Бұл халықаралық қауымдастықтың назарын аударды. Біз Қытай мен Орталық Азия арасындағы жоғары деңгейлі алмасуларды, жоғары сапалы ынтымақтастықты, бейбітшілік пен тұрақтылықты бірлесіп қолдаған оқиғаларды және Қытай мен Орталық Азия халықтарының шынайы өмірін қамтитын әңгімелерді кеңінен баяндауымыз керек. Осылайша, Қытай мен Орталық Азияның оқиғалары әлемге таралады, − деді Фу Хуа.
Екіншіден, Қытай мен Орталық Азия арасындағы гуманитарлық алмасу мен өркениеттер үндесуін бірлесе ілгерілету ұсынылды.
− Мемлекеттер арасындағы қатынастар халықтар арасындағы тығыз байланыстарға тәуелді, ал қарапайым адамдар арасындағы қатынастар — жүректердің үндесуіне байланысты. Ақпарат агенттіктері өркениеттердің үндесуінде және халықтар арасындағы жақындасуда үлкен рөл атқарады. Біз Қытай мен Орталық Азия елдерінің мәдени байлығын толық таныстырып, әдебиет, өнер, білім, жастар салаларындағы алмасулар жетістігін кеңінен көрсетіп, халықтар арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуіміз қажет, − деді спикер.
Үшіншіден, медиа технологиялар саласындағы инновациялар мен ынтымақтастықты бірлесе ілгерілету айтылды. Ақпарат агенттіктері өзгерістер толқынына белсенді түрде бейімделіп, технологиялық жаңашылдық мүмкіндіктерін жіберіп алмауы тиіс.
− Соңғы жылдары «Синьхуа» конвергентті медиаконтент өндіру бойынша ұлттық зертхананы дамытып, ЖИ негізіндегі контент генерациялау жүйесін, интеллектуалды студияларды іске қосып, жаңалық өндірудің барлық кезеңдерінде заманауи технологияларды кеңінен енгізіп келеді. Біз Орталық Азия елдерінің ақпарат агенттіктерімен бірге медиа саласында қолданылатын жасанды интеллектке арналған трансұлттық және трансөңірлік зертханалар құруға, деректер, технологиялар және қосымшалар алмасуды нығайтуға, мобильді интернет дәуірінде жаңа сападағы медиалық өндіріс күштерін дамытуға дайынбыз, − деді ол.
Төртіншіден, ақпарат агенттіктері арасындағы алмасу мен ынтымақтастықты тереңдету көзделген.
− Төраға Си Цзиньпин «Қытай — Орталық Азия» екінші саммитінде Қытайдың Орталық Азия елдерінің БАҚ-тарымен және сараптамалық орталықтарымен ынтымақтастықты нығайтатынын мәлімдеді. Қытай мен Орталық Азияның ақпарат агенттіктері арасындағы ынтымақтастықты дамыту — жалпы медиаынтымақтастықтың маңызды бөлігі және өзара сенімді тереңдетуге, жан-жақты байланыстарға жол ашады. «Синьхуа» Орталық Азия елдерінің ақпарат агенттіктерімен бірге жаңалық алмасу, ақпарат тарату және технологиялық жаңашылдық салаларында ынтымақтастықты күшейтеді, БАҚ пен сараптамалық орталықтар арасындағы көпжақты алмасуды арттырады, − деді «Синьхуа» бас директоры.
Айта кетейік, Президент Орталық Азия — Қытай ақпарат құралдарының форумына құттықтау жолдады.
ҚР Президенті телерадиокешені мен «Синьхуа» ақпарат агенттігі арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Құжатта жаңалық контентімен алмасу, бірлескен тренингтер мен семинарлар өткізу, мультимедиалық өзара іс-қимылдың жаңа форматтарын дамыту, сондай-ақ ақпаратты ұлттық және халықаралық деңгейде ілгерілету көзделген.