Синоптиктер 17 өңірдегі ауа райына қатысты ескерту жасады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірқатар аймағында тұман түсіп, үсік болады. Кей өңірлерде жел күшейіп, жауын-шашын жауады. Сонымен қатар бірнеше облыста өрт қаупінің жоғары және төтенше деңгейі сақталады.

Фото: pexels

Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Петропавл қаласында да түнде және таңертең тұман болады.

Алматы облысының шығысы мен таулы аудандарында солтүстік-шығыстан жел соғып, кей уақыттарда екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Түнде облыстың солтүстігінде 4 градусқа дейін үсік жүреді. Облыстың басым бөлігінде жоғары өрт қаупі сақталады. Алматы және Қонаев қалаларында да өрт қаупі жоғары. Іле Алатауында (Алматы қаласының Медеу және Бостандық аудандарының таулы аймақтарында) солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с дейін күшейеді.

Ақтөбе облысының шығысында, батысында, оңтүстігінде және орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.

Қарағанды облысының батысында, солтүстігінде және шығысында түнде және таңертең тұман түседі. Облыстың батысында жоғары өрт қаупі сақталады. Қарағанды қаласында да түнде және таңертең тұман болады.

Ұлытау облысының солтүстігінде, шығысында және орталығында түнде және таңертең тұман басады. Облыстың батысы мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады. Жезқазған қаласында да тұман түсіп, төтенше өрт қаупі сақталады.

Атырау облысында төтенше өрт қаупі сақталады. Атырау қаласында да өрт қаупі төтенше деңгейде.

Қызылорда облысының солтүстігінде түнде 2 градусқа дейін үсік жүреді. Облыс аумағында төтенше өрт қаупі, ал солтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады. Қызылорда қаласында да төтенше өрт қаупі бар.

Шығыс Қазақстан облысының шығысы мен таулы аудандарында түнде қар жауып, көктайғақ болады. Облыстың солтүстігінде, шығысында және орталығында түнде және таңертең тұман түседі.

Абай облысының солтүстігінде, оңтүстігінде және орталығында түнде және таңертең тұман болады.

Маңғыстау облысында оңтүстік-шығыстан жел соғады. Күндіз облыстың батысында желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Облыс аумағында жоғары өрт қаупі, ал орталығында төтенше өрт қаупі сақталады. Ақтау қаласында да өрт қаупі жоғары.

Жамбыл облысының таулы аудандарын тұман басады. Солтүстік-шығыстан соғатын жел таулы аймақтарда 15-20 м/с дейін күшейеді. Облыстың солтүстігінде, оңтүстігінде, батысында және шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Тараз қаласында да өрт қаупі жоғары.

Батыс Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде түнде және таңертең тұман түседі. Облыстың солтүстік-батысында, батысында, оңтүстігінде және шығысында жоғары өрт қаупі сақталады. Орал қаласында да түнде және таңертең тұман болады.

Түркістан облысының таулы аудандарында күндіз кей уақыттарда нөсер жаңбыр жауады. Түнде және таңертең таулы аймақтарды тұман басады. Оңтүстік-шығыстан соғатын жел күндіз таулы аудандарда 15-20 м/с дейін күшейеді.

Жетісу облысында солтүстік-батыстан жел соғады. Алакөл көлдері маңында желдің екпіні 15-20 м/с дейін жетеді. Түнде облыс аумағында 2-7 градус үсік жүреді. Талдықорған қаласында түнде 4-6 градус үсік болады.

Павлодар облысының батысында, оңтүстігінде және орталығында тұман түседі. Павлодар қаласында да тұман болады.

Қостанай облысының солтүстігі мен шығысында түнде және таңертең тұман басады. Облыстың оңтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.

Ақмола облысының батысында, оңтүстігінде және орталығында түнде және таңертең тұман түседі.