Синоптиктер: Алдағы күндері ауа райы күрт суытады
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК осы аптада ауа райының күрт нашарлайтынын ескертеді, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Синоптиктердің айтуынша, ел аумағынан солтүстік-батыс циклоны өтетіндіктен, қар жауып, боран соғады, көктайғақ пен тұман күтіледі.
Алайда 9 желтоқсанда антициклонның келуімен жауын-шашын тоқтап, ауа температурасы күрт төмендей бастайды.
Еліміздің бірнеше облысында аяз көтеріледі:
9 желтоқсанда Ақтөбе облысында ауа температурасы –13…–18°-тан –20…–25° аязға дейін түседі;
Қостанай және Ақмола облыстарында 9–10 желтоқсанда –22…–27°, кей жерлерде –30° аяз күтіледі;
Солтүстік Қазақстан облысында осы күндері –25…–30° аяз болжанады;
Павлодар облысында 9–11 желтоқсанда –20…–25°-тан –25…–30°-қа дейін төмендейді;
Қарағанды облысында 9–10 желтоқсанда аяз –15…–20°-тан –22…–32°-қа дейін күшеюі мүмкін;
Елдің шығысында 10–11 желтоқсанда –25…–30° аяз болады.
Бұған дейін синоптиктер Астанаға не себепті қар жаумай тұрғанын түсіндірді.
Ал ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Азат Сұлтанов қарсыз қыстың диқандарға қалай әсер ететіні туралы пікір білдірді.