Синоптиктер елордада ауа райының бұзылу себебін түсіндірді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанға суық пен жаңбыр Батыс Сібірден келді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің медиа орталығы.

Астана қаласы мен Ақмола облысы қазіргі уақытта атмосфералық фронтпен байланысты циклонның әсерінде, деп мәлімдеді «Қазгидромет» РМК ауа райын қысқа мерзімді болжау басқармасының басшысы Ардақ Кәлменова.

"Батыс Сібірден дымқыл және суық ауа жетті, сол себепті қалада жаңбыр жауып, найзағай ойнады", - дейді А.Кәлменова.

Құбылмалы ауа райы үш күн бойы сақталады. Жаңбыр жауып, найзағай жарқылдайды. Түнде 10... 15 градусқа дейін салқындап, күндіз ауа 20... 25 градусқа дейін жылынады.

"Егер статистикалық мәліметтерге назар салсақ, өткен жылы 22, 23 және 27 шілде күндері Астанада қатты жаңбыр жауды. Мұндай ауа райы жаз мезгілі кезінде Қазақстанның солтүстік аймақтарына тән", - деді А.Кәлменова.