Синоптиктер Қазақстанда ауа райы тұрақсыз сипатта болады деп болжауда

АСТАНА. 23 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстан аумағының басым бөлігінде бүгін ауа райының тұрақсыз сипаты шамаланады, деп хабарлайды Қазгидрометке сілтеме жасаған ТЖМ-нің баспасөз қызметінен.

Кейбір жерлерде жауын-шашын, тұман, көктайғақ, желдің күшеюі, республиканың солтүстігі мен шығысында бұрқасын болады деп күтілуде.

Қостанай облысында түнде кейбір жерлерде тұман, желдің 15-20 м/с жылдамдықпен соғуы күтіледі. Павлодар, Қарағанды облыстарының кейбір жерлерінде күндіз бұрқасын, желдің 15-20 м/с дейін күшеюі ықтимал.

Шығыс Қазақстан облысында түнде кейбір жерлерде бұрқасын, күндіз желдің 15-20 м/с жылдамдықпен соғуы күтілуде.

Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарының кейбір жерлерінде тұман, көктайғақ болады.

Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында, түнде Ақтөбе облысының кейбір жерлерінде тұман түседі.

Алдағы үш тәулікте республиканың оңтүстік, оңтүстік-шығыс және шығысындағы жекелеген өзендерде су деңгейінің ауытқуы күтіледі. Қазақстанның қалған су нысандарында гидрологиялық режимде айтарлықтай өзгерістер күтілмеуде.