Синоптиктер маусым айының салқын, әрі жауынды болатындығын болжауда

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Қазгидромет» РММ 2017 жылғы маусым айына арналған консультативтік болжамды жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Айдың басында батыс аймақтар ауа-райына белсенді циклондар ықпал етіп, ауа-райының нашарлау жағдайына  себеп болады. Нөсерлі жаңбыр, найзағай, бұршақ, солтүстік-батыс желдің жылдамдығы 15-20 м/с жетіп, түнде ауа температурасының 5-13 градусқа дейін төмендесе, күндіз  15-23 градусқа жетеді. Еліміздің қалған аумағына оңтүстік-батыс ағындарымен жылы ауа массалары келеді, осыған байланысты еліміздің солтүстігінде ауа температурасы күндіз 25-33 градусқа дейін жылы, ал оңтүстікте  30-39 градус дейін жоғарылайды. Алайда, жылыну қысқа мерзімді болады, алдағы демалыс күндері батыс аймақтардағы ауа-райы нашарлап, шығыс бағытына ауысып, Қазақстанның басқа да облыстарын қамтитын болады», - делінген болжамда.

Синоптиктер келесі аптаның ортасына қарай еліміздің солтүстігі мен орталығының кей жерлерінде жаңбыр, найзағай болып,  жекелеген аудандарда бұршақ болуы мүмкін деп отыр.

Мәліметтерге сәйкес, айдың екінші және үшінші онкүндіктерінде салқындаудың кезекті екі толқыны күтілуде.