Синтетикалық есірткілердің таралуы алаңдатарлық деңгейге жетті
АСТАНА.KAZINFORM – Астанада есірткі қылмыстарының басым бөлігі синтетикалық заттарға тиесілі. Олар көбіне жасырын нарколабораторияларда дайындалып, интернет арқылы сатылады. Бұл туралы Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы міндетін уақытша атқарушы Еркеш Білімұлы Қалықов мәлімдеді.
– Елордада 2025 жылдың басынан бері 267 есірткі қылмысы тіркелді. 2024 жылы – 202, 2023 жылы – 95 дерек анықталған. Биылғы деректердің ішінде 215-і сату фактілері. Заңсыз айналымнан 399 келіден астам есірткі тәркіленді. Оның ішінде 30 келіден астамы – синтетикалық есірткі, 263 келіден астамы – марихуана, 97 келісі – гашиш. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 286 келіге артық, – деді ол.
Сонымен бірге, полиция қызметкерлері үш ұйымдасқан қылмыстық топтың және бір нарколабораторияның қызметін тоқтатты. Тергеу дерегінше, қылмыстық топ мүшелері есірткіні интернет арқылы сатқан. Ұйымдастырушылар мен қатысушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
– Биыл ауыр есірткі қылмыстарының саны да өсті – 150 дерек тіркелді. Бұл 2025 жылғы 3 наурызда күшіне енген заңнамалық өзгерістермен байланысты. Соған сәйкес, кейбір қылмыстардың жазасы 15 жылдан 12 жылға қысқартылды, ал «аса ауыр» санатынан «ауыр» санатына ауыстырылған баптар болды, – деп толықтырды Еркеш Қалықов.
Биыл есірткі жарнамасына қатысты 11 қылмыстық іс, есірткі дақылдарын өсіруге қатысты 3 іс және контрабандаға байланысты 1 іс қозғалған.
Бұған дейін, Қазақстанда есірткі бизнесіне қарсы күрес күшейгенін жазғанбыз.