ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған адам қылмыстық топтың мүшесі бола отырып, Алматы облысы аумағында аса ірі көлемде есірткі өндірісін ұйымдастырған. Кейіннен дайындалған психотроптық заттардың тектестері осы облыс пен Алматы қаласының аумағында жасырын түрде таратылған.
Тергеп-тексеру барысында қылмыстық топтан 10 келіге жуық психотроптық заттар (мефедрон) алынды.
Қылмыстық әрекет нәтижесінде алынған заңсыз кірісті қаскүнемдер 1,8 млрд теңгеден астам сомада әртүрлі қаржылық операциялар, оның ішінде криптоалмастырғыштарды пайдалана отырып, қосымша 600 миллион теңгеден астам сомаға жылжымайтын мүлікті, бизнес объектілерін және көлік құралдарын сатып алу арқылы заңдастырған. Бұл активтерге мемлекет пайдасына аудару мақсатында тыйым салынды.
Қазіргі уақытта қылмыстық топ мүшелерінің бір бөлігі сотқа беріліп, олар бойынша сот талқылауы жүргізілп жатыр, ал оның кейбір мүшелері, оның ішінде күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жалтарып, халықаралық іздестіруге жарияланған.
Биылғы қаңтарда ол Грузия аумағында ұсталып, ол жерден Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға берілді.
-Қазіргі таңда тұлға тергеу изоляторына қамалды. Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Түркияда төрт жылдан бері халықаралық іздеуде жүрген қазақстандық ұсталғаны туралы жаздық.