ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Республикалық рефрендум аясында Қызылорда облысы Қармақшы ауданы Дауылкөл ауылдық округіндегі № 109 сайлау учаскесінде ақын-жыраулар дауыс берді.
Ел аузында «Сыр елі — жыр елі» деп танылған Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы Тұрмағамбет ауылы даңқты жырауларымен танымал.
Бұл өлкеден Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет, Шораяқтың Омары, Жиенбай жырау сияқты даңғайыр 100 ақын-жырау шыққан.
Өнерлі өлкенің тұрғындары бүгін де республикалық рефрендумда дауыс беріп жатыр. Учаскеде дауыс беруді ауылдың жыраулары бастады.
Зәуре Кәрібаева, Дінислам Тоқсанбаев бастаған термешілер жырдан шашу шашты.
«Ел өміріндегі маңызды шарада өз таңдауымызды жасадық. Жергілікті тұрғындарға концерттік баңдарлама ұсындық», — дейді олар.
Еске салсақ, мұның алдында Қызылорда облысында 103 жастағы майдангер таңдауын жасаған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.