Сыр өңірінде саятшылық өнер ұмытылып барады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Көгімізде қалықтаған бүркіт біздің қазаққа ежелден етене құстардың біріне айналған. Көне заманнан саятшылық өнерді жанына серік еткен бабалар оны бағалай білді.

Фото: qazaqstan.tv/news

Осындай көңілге көрікті ойды қонақ етер көріністің қазір өткен шаққа айналғаны өкінішті-ақ. Бүгінде саятшылық өнерді шағын ғана топ жанына серік етіп жүр. Қалған қандас бауырлар арасында оның не екенін білмейтіні де кездеседі. Одан қалды, бүркіт құсының еліміздің «Қызыл кітабына» енгенін біреу біліп, біреу білмес. Қалай десек те, оның саны азайып бара жатқаны белгілі болып тұр.

Бүркіт кезінде еліміздің батыс өңірінде, Сыр бойында, Алатау және Алтай тауларының бөктерінде көзге ұшырасқан. Қазір ше? Кейде аспан астынан бірді-екілі бүркітті көре қалған жағдайда жанымыз жадырап сала береді. Алайда олардың саны бұрынғыдай емес, бірнеше есеге кеміп кеткен секілді. Құстар әлемінің қыр-сырына қанық орнитолог ғалымдардың өзі туған топырақтағы бүркіт құсының саны қанша екенін шотқа қағып айта алмайды. Олардың болжамынша, оның саны бірнеше жүзден аспайды.

Қалың қазақ тұратын Сыр өңірінде саятшылық өнер саябырсып қалды. Бүркіттер саны неге азайып кетті? Кезінде бұл мәселеге ешкім назар сала қоймады. Жанына жақын саятшылық өнерді қазекем 90-жылдарға дейін де жоғалта қойған жоқ. Бір қызығы, ұлттық ұғымға қайшы келетін талай әрекет жасаған Кеңес Одағының шенді-шекпенділері оған тоқтау салмады. Сол кездің өзінде бүркітті қолға үйретіп, құс салуға құлықты болған жандар аз кездеспеді. Дегенмен осы бір кезеңде бүркіттің санын сақтауға ешқандай мән берілмеген. Оны заңсыз аулаушылар көбейіп кетті. Әйтеуір, табиғаттың құнды дүниесіне көз жұма қарау жағдайы орын алды. Одан қалды, қолда өсіру үшін ұядан балапандарды алу көбейіп кетті.

Бұл да бүркіттің есепсіз кемуіне аз әсер еткен жоқ. Далаға тасталған уланған жемдер де олардың қырылып қалуына алып келді. Сондай-ақ, олай-бұлай тартылған электр сымдарына шырмалып, талай бүркіт құрбан болды. Бұдан басқа да себебі жоқ емес. Өкінішке қарай, сол кезде бұл жағдай ешбір пендені елең еткізбеді. Қазір де санаулы ғана адамдар болмаса, бүркітті қорғауға алу жөнінде мәселе көтеріп жүрген жандардың саны кем.

– Осыдан 40-50 жыл бұрын қазақ даласының кез келген бөлігінен аталмыш құсты жиі кездестіретін едік. Оны біздің Сыр өлкесінен де талай мәрте көзіміз шалған. Табиғат тылсымын терең түсінген кісілер оған көздің қарашығындай қарап, олардың жөнсіз ауланбауын қатаң қадағалайтын. Өкініштісі, мұндай көзқарас соңғы 25-30 жылда мүлдем ескерілмей келді. Мәселен, қазіргі күні «Қызыл кітапқа» енгізілген аң мен құстардың азайып кетуіне осындай жайлар әсер етті емес пе? Бүркіттің де сондай салқын көзқарастың салдарынан қатары селдіреп қалған секілді. Біздің өңірде кезінде атағы шыққан көптеген құсбегілер болған. Қазір оларды емге іздесең де таппайсың. Қазақылық қаймағы бұзылмаған өңірде саятшылық өнердің өзі де аяқасты болып қалды. Жалпы, бұл өнер тек құсты аңға салумен шектелмейді ғой. Сол арқылы бүркітті қалай баптау керек, оларды қалай сақтау керек деген мәселелер өз шешімін тауып жататын, – дейді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушысы Оразхан Айдаров.

Рас, қазекем саятшылықты да ұмыт қалдырып барады. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы Нұра ауылында Жалайыр Шора мектебі жұмыс жасайды. Онда жас бүркітшілер мектебі тұсауын кескен. Ал еліміздің қалған аймақтарында бір-екілі құсбегі бар. Олардың өзі жасы келіп қалған адамдар. Жалпы, кез келген адам құсбегі бола алмайды. Оның да үйренетін тұстары аз емес. Осының салдарынан бүгінгі ұрпақ ата-бабаның ежелгі кезеңнен бергі жан серігіне айналған саят өнерін ұмыта бастады.

«Сыр өңірінде біраз жыл бұрын республикалық деңгейде саятшылар фестивалі өтті. Өкінішке қарай, олардың қатарында жергілікті азаматтардың болуы өте сирек. Саны бір-екеуден аспайтынын білдік. Бұл - кезінде саятшылықты ұмыт қалдыру жағдайынан туындаған мәселе. Қазіргі таңда елімізде тазы мен төбет ерекше қамқорлыққа алына бастады. Осындай жүйелі жұмыстарды саятшылық құстардың санын өсіруге де көңіл бөлсе деген ұсынысым бар», - дейді жергілікті тұрғын Садриддин Сұлтанов.

Тарихи деректерде Жошы ханның 3 мыңнан астам бүркітшісі болғаны айтылады. Түркі тілдес халықтардың барлығы дерлік айналысқан саятшылық осылайша қазіргі күні көзден ғайып болып барады десек те болады. Әрбір халықтың болмыс-бітімі ұлттық ұстынынан айқындалады. Біздің әлі күнге дейін түп-тамырымыз саналған қаншама құндылыққа көңіл бөлмей жүргеніміз ойға қалдырады.