Сырдария бойынша айналма канал жүргізу жобасы келесі жылы қаржыландырылады

Сырдария өзенінің жоғарғы ағысынан ұзындығы 6,1 шақырым айналма канал жүргізіледі. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: pixabay.com

«Жаңақорған ауданындағы Келінтөбе магистральдық каналының бойында орналасқан 30 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз ету мақсатында 2013 жылы «Қазсушар» РМК қаражаты есебінен сутартқыш салынып, пайдалануға берілді. Алайда 2017 жылы Сырдария өзенінің арнасы бойымен жіберілетін судың көп болуынан туындаған су тасқынына байланысты бетон тақталары шайылып, сутартқыш істен шықты», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Премьер-Министрдің атап өтуінше, осыған байланысты Қызылорда облысының әкімдігі «Қызылорда облысының Жаңақорған ауданындағы Келінтөбе магистральдық каналына су беретін каналдың құрылысы» жобасын іске асыруға арналған жобалау-сметалық құжаттаманы әзірледі. Оған мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы бар.

«Жобада өзеннің жоғарғы ағысынан ұзындығы 6,1 шақырым айналма канал жүргізу және Келінтөбе магистральдық каналына қосымша секундына 11-20 текше метр су беру (жобаның кұны 542,8 млн теңге) көзделген. Аталған объектіні салу үшін 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында 2024 жылы оны қаржыландыруға 488 млн теңге көлемінде қаражат көзделген», - деді Әлихан Смайылов.