Сырдария мен Шиелідегі сайлау: маңызды күндегі ерекше сәттер

Бүгін ел тарихында алғаш рет аудан және қала әкімдері сайланады. Пилоттық сайлау Қызылорда өңірінің Шиелі және Сырдария ауданында өтіп жатыр. Президент бастамасымен қолға алынған сайлауды жергілікті тұрғындар қолдап, өзі қалаған кандидаттарға дауыс беруде, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Kazinform

Таңнан бері сайлаушылар учаскеге ерте келіп, өз таңдауларын жасап жатыр. Екі аудан бойынша 6 кандидатқа 72 мың сайлаушы дауыс бере алады. 

Сайлау күні дауыс беру учаскелеріне балаларымен бірге келген отбасылардың қатары көп. Көпбалалы отбасылардың саяси науқанда белсенділік танытуы дәстүрге айналған. 

Фото: Kazinform

Дәл осы күні ауданда 2 нәресте дүние есігін ашқан. Саяси науқанда алғаш рет дауыс берген, алғаш рет некеге отырған ерлі-зайыптылар да өз таңдауларын жасады. Екі аудан бойынша 18 жастағы 1 011 азамат бірінші рет дауыс беру мәртебесіне ие болды. Мұнан бөлек, әкелер және әжелер ансамблі, полициялар мен ұстаздар династиясының өкілдері де бюллетень алып, дауыс берді. 

Фото: Kazinform

Сайлау күні 109 бірыңғай байланыс орталығы үздіксіз жұмыс істеп тұр. Осы уақыт аралығында әртүрлі сұрақтармен 129 рет қоңырау түскен. 

Сайлауда 344 азамат үйден дауыс беруге өтініш қалдырған. Олардың бәріне де тасымалданатын жәшік барады. 

Фото: Kazinform

Барлық учаскеде азаматтардың дауыс беру құпиялығы сақталатын арнайы кабиналар перделермен қамтылған. Сондай-ақ сайлаудың ашықтығын бақылауға келген тіркеуден өткен байқаушылардың да легі көп. Сағат 15.00-ге дейін учаскелерде заң бұзушылықтар тіркелмеген.

Айта кетейік, Шиелі және Сырдарияда барлығы 58 учаске жұмыс істеп тұр. Дауыс беру жергілікті уақыт 20.00-ге дейін жалғасады. 

Фото: Kazinform
Фото: Kazinform