Бір жасар бала үшін бұл – күрделі хирургиялық отаның екінші кезеңі. Дәрігерлер күрделі түзету операциясының бірінші кезеңін 2021 жылы, бала 4 айлық болғанда жасады. Кішкентай науқас пневмониямен жиі ауырған, көгеріп, тұншыға берген. Хирургтер оған «Тауссиг-Бинг аномалиясы» деп аталатын сирек кездесетін жүрек ауруы деген диагноз қойған.
Міне, бала бір жасқа толғанда, кардиохирургтар екінші кезең – «Глен анастомозы» операциясын жасады. Отадан кейін кішкентай науқастың тыныс алуы жеңілдеді. Сатурация 90%-ға дейін көтерілді. Бұрын 20%-ға дейін төмендеп кететін. Баланы алда әлі 3-кезең күтіп тұр. Ол – 5-6 жасқа толғанда жасалатын операция.
«Бұл бала – біздің мақтанышымыз. Ол өте мықты, жігерлі. Себебі, бұл – өте ауыр патология. Менің 15 жылдық тәжірибемде мұндай жағдай екінші рет кездесіп отыр. Операциялар жасанды қанайналым жүйесін қосу арқылы жүргізілді. Қазір бала қалпына келе бастады, анасы сәбиінің тәбеті пайда болғанын айтады, салмақ жинай бастаған», - деді балалар кардиохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Жанат Болатбекұлы.
Бұл операциялар жоғары технологиялық оталар қатарына жатады және ол медициналық сақтандыру қорынан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті есебінен өтеледі.