Сирек металдар қысқа мерзімде мұнайдың орнын баса алмайды – сарапшы
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде Қытай дүние жүзіндегі сирек жер металдары өндірісінің 60%-ын, өңдеудің 85%-ын меншіктеп, абсолютті лидер болып отырғаны белгілі. Еуроодақ, АҚШ пен Жапония технологиялық өндірістерін Қытайға тәуелділіктен құтқару үшін ұлттық стратегия қабылдап, жанталасып жатыр. Ал Орталық Азия елдері табиғи минералдарды экономикалық дамудың драйверіне айналдыра ала ма? Бұл өндірістің экологияға зардабы нешік? Jibek joly телеарнасының «Жаһан жайы» хабарында Ұлттық аналитикалық орталықтың аға зерттеушісі Аружан Мейірханова пікір білдірді.
- Стратегиялық минералдар - екінші мұнай деп аталады. Ол құны жағынан мұнаймен тең бе, әлде одан да құнды материал ма?
- Бұл - жай ғана риторикалық теңеу емес. Шынымен де ХІХ ғасырда мұнай өңдеу зауыттары Рокфеллер дәуірін қалай қалыптастырса, стратегиялық минералдар да ХХІ ғасырдың технологиялық даму үрдісін тура солай қалыптастырады.
- Экономикалық, энергетикалық тәуелсіздік тұрғысынан мұнайдың орнын баса ала ма?
- Өте қызық сұрақ. Өте орынды. Бірақ та, менің ойымша, өте қысқа мерзімде мұнайдың орнын баса алмайды, әрине. Бұл - өте күрделі процесс. Ол қомақты қаржыны, технологияларды қажет ететін болғандықтан, бізге инвестициялар керек, білім керек, технологиялар керек.
Кейбір сарапшылардың есебінше, кен орнын игеру үшін 6-12 жылдай уақыт және де ондаған млн доллар инвестиция керек. Сондықтан да сирек жер металдарына қатысты барлық жоба ұзақ мерзімді, жоғарғы тәуекелді келеді.
Жалпы, Дүниежүзілік банктің дерегі бойынша, Қазақстандағы сирек металдар құны 46 трлн долларға тең, 5 мың игерілмеген кен орны бар. Өзбекстанда, менің есімде болса, 3 трлн доллар. Сондықтан шынымен де Орталық Азия әлеуеті аса зор. Алайда біз өңір ретінде көптеген инвестицияларды қажет етеміз және де басқа елдермен Қытай болсын, Еуроодақ елдері болсын, АҚШ болсын бірге жұмыс істеп, солардың технологияларын, әдістерін үйреніп алуымыз керек.
Бұл - біз үшін өте зор мүмкіндік. Өйткені 2032 жылға қарай халықаралық энергетикалық агенттіктің айуынша, сирек металдардың жалпы өніміне деген сұраныс 700 млрд доллардан асуы мүмкін. Сондықтан біз әрекет етуді қазірден бастауымыз керек
- Бұл ретте заңнамалық базаны да жетілдіру керек болар? Табысты әділ бөлу, экологияны қорғау мәселелері бар...
- Әсіресе, шикізат экспорттаушы елдер үшін өте орынды мәселе. Қазақстан - солардың бірі. Бұл жұмыс жүргізіліп жатыр.
Қазақстанға келген инвесторлар үшін келісімшарт барысында немесе аукцион кезінде тек шикізат түрінде өндіріп қана қоймай, өңдеу тізбегін жергілікті жерде дамыту талабы енгізіліп жатыр.
Енді экология жағына келсек, жалпы Еуроодақ Global Gateway бастамасы аясында Орталық Азияға 12,5 млрд теңгедей қаржы бөлейін деп жатыр. Соның 2,5 млрд теңгесі стратегиялық минералдарға бөлінеді. Еуропалық қайта құру және даму банкі 7-8 млрд еуро көлемінде жобаларды әзірлей бастады, бірақ қаншасы несие, қаншасы грант болатыны белгісіз. Бірақ осы жобалардың барысында банктердің ережелері бойынша экологиялық тұрғыдан да, қоғаммен қарым-қатынас жағынан да, әлеуметтік стандарт жағынан да белгілі бір талаптар енгізіледі.
Одан бөлек, Қазақстан мен Өзбекстан АҚШ бастаған Minerals Security Partnership серіктестігіне мүше. Ол серіктестіктің басты мақсаттарының бірі - сол тұрақты дамудың қағидаларын сақтай отырып, сирек металдарды өндіру және өңдеу.
Халықаралық инвестициялар біздің технологиялық дамуымызға серпін береді және белгілі бір стандарттарды енгізеді. Бұл ретте біз тек қана Еуроодақ пен АҚШ деп шектелмей, міндетті түрде Қытай Халық Республикасынан да үйренуіміз керек. Себебі ол - қазір бүкіл әлемде көшбасшы. Орталық Азия мемлекеттері көпвекторлы бейтарап саясатты ұстанып, Қытаймен бәсекелестік емес, серіктестік нарративі басым болуы керек.
- Ал инвесторлар тарапынан қандай талап қойылуы мүмкін?
- Инвесторларға жалпы өте тұрақты, түсінікті заңнама, түсінікті салықтық режим керек. Егер заңнама, жүйе өзгеріске ұшыраса, ол инвесторларға қауіпті болып көрінуі мүмкін.
Жалпы, сирек металдарға қатысты барлық жобада тәуекел жоғары деп айтсақ болады. Сондықтан да мемлекет тарапынан осы тәуекелді төмендету аясында қолданатын іс-шаралар пайдалы болады деп ойлаймын.
Бізде кеңестік кезеңнен көптеген ақпарат құпия түрде сақталған болатын. Сол ақпаратты қазір құпиясыздандыру үрдісі жүріп жатыр. Менің ойымша, бұл - бірінші инвесторларға ашық және транспарентті ақпарат ұсыну мақсатында жасалып жатқан саясат.
Қазір минералдарға байланысты ақпараттардың 60 пайызы цифрландырылған. Осы жылдың аяғына дейін 86 пайызға дейін өседі және 2028 жылы толық цифрландырылады деген ойдамыз.
Сондай-ақ инфрақұрылым өте маңызды, себебі минералдарды өндіріп, жергілікті жерде өңдеу керек десеңіз, оларды ары қарай қалай тасымалдайтыны туралы сұрақ туады.