Сирек металл: Қазақстанның жаңа байлығы «Қазақгейттің» өкінішін қайталамай ма
АСТАНА. KAZINFORM – Сирек металл Қазақстан үшін екінші мұнай болуы мүмкін деген дәмелі болжамдарды жиі еститін болдық. Бұл болжамдар да кезінде «қара алтынның» буымен айтылып кеткен «Келешекте Дубайдағыдай өмір сүреміз» деген атышулы популистік ұранның аяғын құшпайтынына кім кепіл? Сирек металл индустриясы мұнай-газ өнеркәсібінің қателігін қайталап жүрмей ме? Бүгінгі материалда осы сұраққа жауап іздеп көрмекпіз.
17 ерекше элемент
Кейінгі кезде әлемді сирек металдар мен сирек жер металдары туралы әңгіме кезіп жүр. Бұл өзі аты сирек деп аталғанымен табиғатта мейлінше шашыраңқы кездесетін ресурс болып есептеледі. Кейбір түрінің жер қойнауындағы қоры мыстың қорынан да көп. Бірақ басқа металл кенімен ілесіп жүретіндіктен, екшеп алу тым қымбатқа соғатындықтан сирек деген атқа ие болған.
Әсіресе сирек жер металдарын құрамы күрделі кеннен екшеп, таза өнім алу күрделі технологияны қажет етеді. Сонысына қарай құны да жоғары. Ғалымдар Менделеев кестесіндегі 17 элементті сирек жер металы деп бөлек жіктейді.
Осылардың ішінде лантан, церий, празеодим, неодим, прометий, самарий элементтері Шығыс Қазақстан облысының «Қараоба», «Саяқ», «Бакен», «Жетіқара» учаскелерінде, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарындағы ванадий, тантал, ниобий кеніштерінде ілеспе материал ретінде, Жамбыл облысында фосфориттер құрамында, Қарағанды және Ұлытау облыстарында көмір алаптары мен уран кен орындарында ілеспе түрде кездеседі деп есептеледі.
Ілгері экономикалардың бәрі құрылымын жасанды интеллектіге негіздеп, жасыл технологияларға басымдық беріп жатқан дәуірде сирек жер металдарына инвестиция салу трендке айналып келеді. Халықаралық энергетика агенттігінің (IEA – ред.) мәліметіне сүйенсек, 2030 жылға қарай сирек жер металдарына деген сұраныс 2020 жылғы сұраныстан екі есе артып, 315 мың тоннаға жетуі мүмкін. IEA мәліметі бойынша, 2023 жылы әлемде 14 млн электромобиль сатылған. 2030 жылы бұл көрсеткіш 50 млн данаға жетуі мүмкін. Ал электромобильдің қозғалтқышына неодим және празеодим дейтін сирек жер металдары керек.
Есесіне әлемде мұнайға деген сұраныс біртіндеп түсетін түрі бар. Халықаралық энергетика агенттігінің 2023 жылға жасаған талдауында 2050 жылға қарай дамыған елдерде мұнайға деген сұраныс баяу болса да азайып, дамушы елдер ғана сұранысты қазіргі деңгейде сақтайтыны айтылған. 2023-2028 жылдар арасында сұраныстың нақты болжамы 1,1-1,4% дәлізінде өсім көрсетпек.
Дүниежүзілік ядролық қауымдастықтың болжамы бойынша, 2020-2030 жылдар арасында атом энергетикасына деген сұраныс жыл сайын 2-3% көлемінде өсім көрсетуі мүмкін. Ал сирек жер металдарына деген сұраныс жыл сайын 8-12% өсіммен артады деген есептер бар.
Осындай болжамдар сирек жер металын қай ел көп өндіріп отыр деген сұраққа жауап іздетеді. Әзірге Қытайдың көрсеткіші өзгелерден арқан бойы озық тұр. Әлемде өндіріліп жатқан бүкіл сирек жер металының 70 пайызы осы елге тиесілі. Рейтингте екінші тұрған АҚШ-тың өзі оның көрсеткішіне маңайлай алмай келеді. 2023 жылы Қытай 240 мың тонна сирек металл өндірсе, АҚШ 43 мың тонна өндірген.
Кен орнының аты – Жаңа Қазақстан
Күні кешеге дейін Қазақстанда мемлекет меншігіне енгізілген сирек металл қорының басым бөлігін маңызды 17 элементтің қатарына кірмейтін сирек металдар алып жатыр делініп келді. Олар: вольфрам (2,4 млн тонна), молибден (1 млн тонна), литий (226,9 мың тонна), тантал (4,6 мың тонна), ниобий (27,2 мың тонна), бериллий (117,5 мың тонна), кобальт (55 мың тонна) және никель (841 мың тонна).
Ал сирек жер металдарының нақты дәлелденген қоры күн озған сайын жаңарып жатыр. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Kazinform сауалына жолдаған жауабына сүйенсек, кен барлаушылар 2022 жылдан бері 11 учаскеде іздеу жұмыстарын жүргізіп, бериллий, иттрий, ниобий, вольфрам, галлий, цезий сияқты сирек және сирек жер металдарының қоры бар 20 учаске картаға түсірген. Алдын ала есептерге сенсек, аталған учаскелерде 23,8 мың тонна бериллий, 600 тонна вольфрам, 60,69 мың тонна иттрий, 200 тонна ниобий, 7 мың тонна молибден, 33,48 мың тонна галлий қоры бар.
Геологтерді әсіресе Қарағанды облысындағы Құйрықтыкөл учаскесі қуантып отыр. Бұл аумақ сирек металдар шоғырының 935,4 мың тонна кені бар нысан ретінде тізімге алынған. Ондағы кеннің нақты қоры 1 млн тоннаға дейін жетеді деген болжамдар айтылған. Биыл 2 сәуірде Reuters агенттігі Қазақстан 20 млн тонна REM (сирек жер металдарының шоғыры) табылған учаскенің мәліметтерін ашқаны туралы ақпарат жариялады.
- Қазақстан геологтері болжамды қоры 20 млн тоннадан асатын сирек жер металының кен орнын тапқан. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметі бойынша, бұл құнды шикізат 300 метрге дейінгі тереңдікте жатыр. Қазір Қазақстан АҚШ Геологиялық қызметі түзген сирек жер металдарының қоры жөніндегі елдер тізімінде жоқ. Егер осы кен орнындағы қор расталса, Қазақстан сирек жер металдарының қоры бойынша Қытай мен Бразилияға ғана жол беретін болады, - деп жазды Reuters.
Әңгіме Астанадан 420 шақырым жерде, ең жақын теміржол желісінен 80 шақырымда жатыр деп есептелетін «Жаңа Қазақстан» кен орны туралы болып отыр. Халықаралық сирек жер металдары өнеркәсібі қауымдастығы мұндағы 20 млн тонна кеннің 12 пайызы неодим, церий, лантан және иттрий сияқты ауыр сирек металл екенін, ал жалпы сирек металдың үлесі тоннасына 700 грамм екенін жазады. Бұл дегеніңіз - 20 млн тонна кеннің 14 мың тонна сирек металл деген сөз.
«С5+» форматындағы инвестициялық форумдарда Қазақстан атынан сөйлейтін басшылардың дамыған елдер инвесторларын стратегиялық маңызы жоғары металдар өндірісіне инвестиция салуға белсенді үндей бастауына осы болжамдар негіз болып отыр деуге болады.
«Жаңа Қазақстан» учаскесінде барланған қор дәлелденсе, Қазақстан осы кестенің үшінші тармағына жайғаспақ.
1,9 трлн доллардың байлығы
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің деректерін Ұлыбританиядағы шикізат нарықтарын зерттеумен айналысатын тәуелсіз талдау агенттігінің Roskill), АҚШ Геологиялық қызметінің (USGS), әдістемелеріне салып есептесек, Қазақстанда барланған REM (17 элемент) шоғырына жатпайтын сирек металдардың нарықтағы жиынтық құны 176 млрд долларға бағаланады. Ал REM тобына жататын сирек жер элементтерінің құны шамамен 23 млрд доллар болуы мүмкін. (Бұл жерде орташа баға Asian Metal, London Metal Exchange (LME) және Trading Economics платформаларындағы 2023 жылғы нарықтық бағалар туралы мәліметтерді жасанды интеллект көмегімен есептеу арқылы шығарылды).
17 маңызды элементтің тобына жататын сирек жер металдары да, бұл топқа жатпайтын сирек металдар да өзі ілесіп жүретін дәстүрлі құрамдас кендерге қарағанда кемінде 5-7 есе қымбат болып келеді. Бірақ оны өзгелерден екшеп шығару қымбат болғандықтан өзіндік құны да арзанға түспейді.
Сөз басында сирек жер металдарына деген сұраныс мұнай мен газға деген сұранысқа қарағанда айтарлықтай жылдам артып келе жатқанын айттық. Дегенмен, мұнай мен газдың қалған қорын ұтымды басқарып, 2033 жылдан бастап мерзімі аяқталатын өнім бөлісу келісімдерін ел мүддесіне сай жаңарта алсақ, бұл сала Қазақстанға қазіргі жалпы ішкі өнімінің 734 пайызын берер еді (2024 жылғы ЖІӨ – 280 млрд доллар).
- 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстандағы мұнайдың дәлелденген қоры 30 миллиард баррельге жетті, - деп жазылған АҚШ Энергетика министрлігіне қарасты Энергетикалық ақпарат басқармасының (EIA) 2025 жылғы «Каспий теңізі өңіріне арналған аймақтық талдамалық шолу» баяндамасында. Бір баррель мұнайдың бағасын ұзақ мерзімде 60 доллар деп алсақ, ақшаға шаққандағы жиынтық құны 1,8 трлн доллар болуы мүмкін. Сонымен қатар, EIA ұйымы Қазақстандағы игерілмеген газдың қорын 85 трлн текше фут деп бағалайды.
1000 текше фут газдың бағасын 3 доллар деп алсақ, жиынтық сома 255 млрд доллар болады. Осылайша елдегі игерілмеген мұнай мен газдың жиынтық құны 2 трлн 55 млрд доллар деген есеп шығады. Бұл - Қазақстанның 2024 жылғы жалпы ішкі өнімінен 7,3 есеп көп сома. Ал сирек және сирек жер металдарының дәлелденген қорын долларға шақсақ, шамамен 63 млрд доллар болады. Бұл - жалпы ішкі өнімнің 22,5%-ы деген сөз. Әлі дәлелденбеген, бірақ барланды деп есептелетін сирек және сирек жер металдарының жиынтық құны шамамен 199 млрд доллар болады. Бұл - ЖІӨ-нің 71%-ына тең.
Бұған қарап «екінші мұнай» атап жүрген сирек металдардан ел экономикасына түсетін кіріс мұнай мен газдан түсетін болжамды табыстың шаңына ілесе алмайды деп топшылауға болар еді. Бірақ сирек металдарды шикізат күйінде экспорттауды мүлдем тоқтатып, ал сирек жер металдарының әлі жөнді қолға алынбаған өндірісін жолға қойып, оны да 100 пайыз өңдеп, электроника, аккумулятор, автокомпонент ретінде экспорттаса, түсетін табыс 10 есеге дейін артар еді.
Мұндай тұжырымды қайдан алдық? KPMG Kazakhstan ұсынған бағалау бойынша, 1 тонна неодим рудасы магнитке, одан әрі электромотор мен автокомпонентке айналғанда өнімнің құны 100 есеге дейін артуы мүмкін. Бұл мысал сирек металдарды терең өңдесе, қосылған құнының қалай өсетінін нақты көрсетеді. Алайда мұндай толық технологиялық тізбекке қол жеткізіп отырған елдің қарасы тым аз. Оның үстіне, сирек және сирек жер металдарының бәрі 100 пайыз өңделген кезде құны 100 пайыз артып шыға келеді деген кепілдік жоқ. Өйткені 17 элемент пен қалған сирек металдардың қолданыс аясы, кен күйіндегі нарықтағы құны әрқалай. Сондықтан шикізатты толық тазалап, таза металл немесе жартылай дайын өнім күйінде экспорттау арқылы құнды 10 есеге дейін арттыру реалистік сценарий болар еді. Осыған сүйене отырып, егер Қазақстан сирек және сирек жер металдарын шикізат күйінде емес, 100 пайыз өңделген күйде (магнит, аккумулятор, электроника компоненттері ретінде) экспорттаса, онда барланған қордың жиынтық құны орта есеппен 10 есеге дейін артуы мүмкін деп айта аламыз.
Барланған сирек және сирек жер металдарының шикізат күйіндегі жиынтық құны 199 млрд доллар деген болжам айттық. Енді осы соманы өңдеудің деңгейіне қарай жіктеп көрейік.
Бұл кесте қосылған құн тізбегі теориясына (GVC) негізделген. Өңдеу сатысы артқан сайын өнімнің нарықтағы құны бірнеше есе өсетіні Дүниежүзілік банк пен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) зерттеулерінде де дәлелденген.
Демек, Қазақстан барланған сирек және сирек жер металдарын жерден қазып алғаннан бастап дайын өнім шығарғанға дейінгі өнеркәсіп тізбегін түгел өз аумағында ұйымдастыра алса, түсетін табыстың ЖІӨ-ге қатысы 7,1 есе болар еді. Бұл – мұнай мен газ қорының жиынтық құнымен (7,3 ЖІӨ) шамалас сома.
Ескі технология, тозған жабдық
Бірден айту керек, мұның бәрі - өндіріс пен өңдеуді ұйымдастыру шығындары есепке алынбаған теориялық болжам. Оның неше пайызға орындалатыны осы салаға жауапты органдардың деңгейіне, ондағы қызметкерлердің кәсібилігі мен адалдығына байланысты.
Қазақстанда 2024–2028 жылдарға арналған сирек металдар мен сирек жер металдары саласын дамытудың кешенді жоспары қабылданған. Осы жоспардағы мәліметке сүйенсек, сирек жер металдарын өңдеуді тіпті дамыған елдер де толық игеріп болған жоқ. АҚШ-тың өзі қайта өңдеу өндірісі жолға қойылмағандықтан, өзіндегі шикізаттың 90%-дан астамын одан әрі қайта өңдеу үшін Қытайға жібереді. Әлемдегі сирек жер металдарын өңдеу қуатының 85%-ы, олардан алынатын өте берік тұрақты магниттердің 90%-ынан астамы Қытайға тиесілі.
Қазақстандағы өндіріс тізбегі сирек және сирек жер металдарымен қабысатын кәсіпорындарды саусақпен санап алуға болады.
- Өскемендегі Үлбі металлургиялық зауыты ТМД аумағында танталдан, ниобий мен бериллийден бұйым жасайтын жалғыз кәсіпорын болып есептеледі. Бірақ өзінде мұндай шикізат көзі жоқ. Сондықтан «ҚазАтомӨнеркәсіп» ұлттық компаниясы мемлекеттің дипломатиялық қолдауына сүйеніп Африка елдерімен, Орталық Азиядағы көршілерімен, Моңғолиямен осы мәндегі келіссөздер жүргізіп жатыр.
- «Өскемен титан-магний комбинаты» акционерлік қоғамы титан губкасын, титан құймалар мен титан тақта шығарады. Мұнда титан қорытпалары мен ванадий пентаоксидін шығаратын технология жолға қойылған. Бұл өнімдерді Boeing, Airbus, Nippon Steel, SNECMA, General Electric өңдеп тұтынады.
- «Жезқазғансирекмет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-не тиесілі мыс балқыту зауытының қалдықтарынан 69,2% рений негізіндегі аммоний перренатын шығарып, экспорттайды. Осылайша бұл кәсіпорын рений өндірушілерінің ондығына кіріп отыр.
- «Қазцинк» ЖШС тазартылмаған селен мен висмут өндіріп, экспорттайды.
- «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауытының ұнтақталған қалдықтарынан теллур өңдеп, экспорттайды.
- «Қазақмыс Прогресс» ЖШС Балқаш мыс балқыту зауытының бағалы металдар өндірісінен қалған қождан тазартылмаған селен шығаратын қазақстандық инновациялық технологияны жолға қойған.
- «Қазақстан алюминийі» акционерлік қоғамының алюминат ерітінділерінен галлий алатын қуаты бар. Галлий компанияның негізгі өнімі болмағандықтан және рентабельділігі төмен деген қисынмен тиісті учаске 2015 жылы консервацияға жіберілген.
Ресми статистика бойынша, Қазақстан жыл сайын 135 млрд теңгеден астам сомаға сирек металл өндіріп отыр. Бұл саланың өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі - 0,6% болса, металлургиядағы үлесі - 1,5% ғана.
- Саланың негізгі проблемасы – импорттық шикізатқа тәуелділігі. Мәселен, «ӨТМК» АҚ және «ҮМЗ» АҚ титан, тантал, ниобий өндіру үшін импорттық шикізатты, бериллийді өндіру үшін бұрын жинақталған бериллий концентратының қорларын пайдаланады.
Кәсіпорындардың технологиялары мен жабдықтары моральдық және физикалық тұрғыдан тым тозған. Бұл технологиялық шығындарға байланысты өндірістің өзіндік құнын арттырып, жоспардан тыс авариялық үзілістерді жиілетіп отыр. Мұның бәрі қолда бар қуаттардың көмегімен сирек және сирек жер металдарының сұранысқа ие жаңа түрлерін игеруге мүмкіндік бермейді. Мысалы, «Жезқазғансирекмет» РМК вольфрам-тантал және никель-кобальт концентратынан вольфрам, тантал, кобальт, никель металдарын бөліп алу технологиясын енгізуге әрекет жасаған кезде осы проблемамен бетпе-бет келді.
Қазақстанда сирек және сирек жер металдарын экономикада тұтыну көлемін ұлғайту үшін ғылым мен техниканың перспективалы салаларын дамытуға ерекше назар аудару қажет. Жалпы Қазақстанның бұл салада жоғары деңгейде өңдеп жасаған өнімдері аз, - деп жазылған саланы дамытудың кешенді жоспарында.
Сирек металл саясаты және «Қазақгейт» синдромы
Осы кемшіліктің бәрін реттеп, сирек және сирек жер металдарының индустриясын Конституцияның 6-бабының 3-бөлігіне («Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі».) сай ұйымдастыру үшін салаға жауапты органдардың саяси ерік-жігерінен бөлек қомақты инвестициялар керек. Мысалы, Бельгиядағы Халықаралық сирек жер металдары өнеркәсібі қауымдастығының мәліметі бойынша, Қазақстанға өзіндегі сирек кендерден концентрат алу технологиясын игеру үшін ғана 3-6 млрд доллар инвестиция тарту қажет. Бюджет тапшылығын қосылған құн салығын көтеру арқылы реттейміз деп отырған Қазақстан дәл қазір саланы дамыту шығындарының бәрін бюджет есебінен жаба алмайтыны түсінікті. Бар үміт инвесторларда. Жер астында байлық бар, ал оны игеріп, кәдеге жарататын технология да, қаражат та мемлекеттің қолында жоқ.
Параллель келтіріп қарасақ, Қазақстанның сирек металдар индустриясы қазір тоқсаныншы жылдардағы мұнай-газ саласының ахуалына ұқсас жағдайда тұр. Бүгінде мұнай мен газдың экспортынан көріп отырған игілігіміз де, жіберіп алған мүмкіндіктеріміз де, экономикамыздағы «голланд ауруы» да - сол кезде жүргізілген инвестициялық саясаттың «жемісі». Бұл - осы жолы да сондай «жеміс» жемеу үшін инвестиция тарту мәселесін ат төбеліндей топтың қолына беріп, жабық есік жағдайындағы келіссөздердің сыртынан телміріп отырмау керек деген сөз.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, 2024 жылы ғана Қазақстан сирек металдар саласына Қытай, Германия, Оңтүстік Корея және АҚШ елдерінен ірі инвестициялық жобалар тартқан.
- Жобалар әртүрлі кезеңдерде іске асырылады, олардың нақты өндірістік қуаты мен құны техникалық-экономикалық негіздемелерге сәйкес айқындалады. 2023–2024 жылдардағы динамикасы оң үрдіс көрсетіп отыр. Қазақстан бірқатар стратегиялық серіктес елдермен трансұлттық компаниялармен ынтымақтастықты дамытып отыр. Бірқатар жоба геологиялық барлау сатысында болса, енді бір бөлігі инфрақұрылымдық және өндірістік іске асыру кезеңіне өткен, - деп жазылған министрлік жауабында.
Бізге бұл жерде инвесторлар қандай шартпен, қанша мерзімге келіп жатқаны қызық еді. Бірақ ведомство мамандары оны ашып айтудан бас тартып отыр.
- Бұл жобалар бойынша ақпарат олардың құқық иеленушілерімен келісілген тәртіппен беріледі, - деп жазады министрліктегілер.
Төтесін айтқанда, ақпарат жабық.
Жабық ақпарат дегеннен шығады, тоқсаныншы жылдары атақты Джеймс Гиффен мұхиттың ар жағынан Қазақстанға жиі қатынап жүріп өткізген жабық келіссөздердің соңы атышулы «Қазақгейт» дауына ұласқанын қазақ халқы ұмытқан жоқ.
Әлемдік мұнай алпауыттарымен жасалған өнім бөлісу келісімдері («Қашаған», «Қарашығанақ» жобалары) мен тікелей келісімдердің («Теңіз» жобасы) ашық болмағанының зардабын әлі күнге дейін тартып келеміз. Бір ғана Қашаған операторларымен Қазақстан Үкіметінің арасындағы 160 млрд доллардың дауына қашан нүкте қойылатынын ешкім болжап айта алмай отыр.
Осы күдігімізді вице-министр Иран Шарханға да қойғанбыз.
- Біз заңнамаға осы мәселені реттейтін жаңашылдықтар енгізіп жатырмыз. Қарапайымдап айтқанда, сирек және сирек жер металын өндіруге келетін инвесторларға қатаң талап қойылады. Олар әсіресе сирек жер металдарын кен немесе концентрат күйінде сыртқа шығара алмайды. Ондай тәуекелдің алдын алу үшін инвестициялық келісім жасаған кезде де, конкурс өткізген жағдайда оның шартына да «кен орнын игеру үшін алынған шикізатты өңдеп, қосылған құны жоғары дайын тауар шығаратын өндіріс ошағын Қазақстан аумағында ұйымдастыру керек» деген талап енгізіп жатырмыз, - дегенді айтты.
Вице-министр айтқан нормалар қабылданып, күшіне енгенше қанша су ағатыны белгісіз. Қазірдің өзінде кейбір кәсіпорындар сирек металл концентратын құйтұрқы схемалармен сыртқа шығарып жатыр деген дабылдар қағылып жүр.
Мұндай дабылдарды негізсіз деп айтуға да ауыз бармайды. Өйткені еліміз жыл сайын қорғасын, мыс, мырыш, марганец, хром сияқты сирек және сирек жер металдары ілесіп жүретін металдардың 14,3 млн тонна кені мен концентратын экспорттап отыр.
2024 жылы экспортталған концентраттар:
- көміртектенбеген темір концентраттары — 5,7 млн тонна;
- агломерацияланған темір концентраттары — 4,8 млн тонна;
- мыс концентраттары — 1,8 млн тонна;
- марганец концентраттары — 214,4 мың тонна (2023 жылғыдан 36,3% көп)
- қорғасын концентраттары — 45,7 мың тонна;
- мырыш концентраттары — 431,1 мың тонна;
- хром концентраттары — 294,2 мың тонна;
- сазбалшық (глинозем) — 997,9 мың тонна (2023 жылғыдан 14,3% көп).
Биыл сәуірде Өзбекстанның Самарқан қаласында өткен «Орталық Азия – Еуропалық одақ» саммитінде Қазақстан мен Еуроодақ 2026 жылға дейін «Сындарлы минералдар туралы» пакт қабылдау жөнінде меморандумға қол қойды. Бұл келісім толық жүзеге асса, Қазақстан тек маңызды шикізат жеткізуші емес, жоғары технологиялық серіктес ретінде де қалыптаса алады. Ал бұл елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, сирек металл индустриясын терең өңдеу сатысына көтеруге серпін береді деген жоспар бар. Ол үміттің қаншалықты орындалатынын уақыт көрсетеді.