Сирек жәдігер: дәулескер күйші Рүстембек Омаровтың неміс тұтқынында түсірілген фотосуреті табылды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Еуропа жұртына қазақ домбырасының әуезін алғаш жеткізген дәулескер күйші, Қазақ КСР-інің халық артисі Рүстембек Омаров бұл суретте қолына өзі жасаған ұлттық аспапты ұстап түскен.

Фото: Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы

Ертіс-Баян жеріне қуанышты жаңалық келіп жетті. Қазақтың көрнекті күйшісі, Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық халық аспаптары оркестрінің бас домбырашысы болған, Қазақ КСР-інің халық артисі Рүстембек Омаровтың 1941-1945 жылдар аралығында неміс тұтқынында түсірілген бірегей фотосуреті табылды.

Фото: Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы

Фотосуретті Норвегияда қаза тапқан кеңес әскери тұтқындары туралы халықаралық еріктілер тобының жетекшісі Татьяна Торесен тапқан. Ол бұған дейін Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы мен «Ключ» телестудиясы бірлесіп түсірген Рүстембек Омаров туралы фильмді интернеттен көрген. Сондықтан Норвегияның солтүстігіндегі кеңес әскери тұтқындарының фотосуреттерін көргенде таныс бейнені бірден таныған.

Рүстембек Омаров Ленинград консерваториясының П. И. Чайковский атындағы музыкалық училищесіне түсіп, білім ала бастаған уақытта кеңес-фин соғысына шақыртылады.

«Соғыс басталған шақта 1941 жылы біздің бөліміміз қоршауда қалды, нәтижесінде мен немістердің тұтқынында болдым. Осы күннен бастап соғыс аяқталғанға дейін мен немістерде болдым, алдымен Германияда, содан кейін Норвегияда. 1945 жылы соғыс аяқталғаннан кейін мен басқа әскери тұтқындармен бірге Отаныма оралдым», — деп жазған күйші өз өмірбаянында.

Концлагерьде жұмыр ағаш пен тақтайшадан, қармақ жібінен домбыра іспеттес аспап жасап алады. Бірде әлгі аспабымен Моцарттың «Рондосын» ойнап отырғанында артынан келіп байқатпай тыңдап тұрған неміс офицері: «Музыкантсың ба?», — деп сұрайды.

«Мен „Иә“, — дедім. Осы сәттен бастап неміс офицері бізге басқаша қарай бастады, көмектесіп, тіпті қорғап жүрді. Ол: „Сенің қасыңда үш қазақ жерлесің барын білемін“, — деді. Байқатпай бізге азық-түлік, нан, консервілерді беріп тұратын. Міне, осылай мен және менің жолдастарым тұтқында аман қалдық», — дейді өз естелігінде Р.Омаров.

Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясының басшысы Амангелді Қожанов 80 жылдам астам уақыт бұрын түсірілген көне фотосурет өз ұжымы үшін үлкен олжа екенін атап өтті.

— Бұл тарихи жәдігер — филармония мен «Панфиловшылар» іздестіру жасағы және норвегиялық зерттеушілер бірлесіп бастаған ауқымды зерттеу жұмысының нәтижесі. Бірлескен ізденістердің арқасында соғыс жылдарында Германия тұтқынына түсіп, Киркенес қаласындағы Шталаг 322 лагерінде болған күйші ғұмырбаянының бұрын белгісіз беттері қалпына келтірілді. Рүстембек атамыз аса ауыр жағдайда да музыкадан қол үзбеген. Бұл уақытта ол жиырманың үстіндегі жас жігіт. Жас күйшінің өнеріне неміс офицерлері де құрметпен қарағаны байқалады. Ал қолындағы домбыра естелігінде жазып қалдырған, өзі жасаған домбырасы. Бүгінде біздің филармонияның қазақ ұлт аспаптар оркестрі Р.Омаровтың есімімен аталады, — дейді мәдени мекеме басшысы.

Рүстембек небәрі 15 жасында Ахмет Жұбановтың көзіне түсіп, жаңадан құрылған Құрманғазы атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестріне домбырашы ретінде қабылданған. Домбырашының орындау мәнерін Ахмет Жұбанов өте жоғары бағалап, өзінің «Ғасырлар пернесі» атты еңбегінде: «Рүстембек күйді „шегелеп“, шапшаң, жай келетін буындарын бәрін де тастай түйіп, екпінін ауыстырмайды. Орташа ұзындықтағы саусақтарымен бір нотаны жаза баспай, бәрін де өз орнында етіп орындайды», — деп жазып қалдырған.

ҚР еңбек сіңірген артисі, Қазақ Ұлттық өнер университетінің профессоры Тұрар Әліпбаев: «Дәулескер күйші Сейтеннің күйін Сейтенше, Құрманғазының күйін Құрманғазыша, Тәттімбеттікін Тәттімбетше бабына келтіріп тартқан. Ерекшелігі, күйді қандай екпінмен бастаса, соңын дәл сондай екпінде аяқтап отырған. Мұндай екпінге бүгінде кейбір кәсіби күйшілердің өзі шыдас бермейді. Көптеген күйлердің түпнұсқасы біздің заманымызға Рүстембек сияқты нағыз майталман домбырашылардың орындауында жетіп отыр» деп атап өтті.

Иса Байзақов атындағы филармонияның бас редакторы Салауат Темірболатұлы бұл фотосуреттің авторы соғыс уақытында оберширрмайстер (жылқылар мен көлікке жауапты аға қызметкер) болып қызмет еткен Густав Швант екенін жеткізді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол Норвегияда неміс тау-атқыштар әскерлерінің құрамына кіретін екінші тау-атқыштар дивизиясында қызмет еткен.

«Неміс конлагерінен түсірілген фотосуреттер жақында ғана аукционға шығарылды. Фотосуреттердің жеке коллекцияларға өтіп, зерттеушілер үшін қолжетімсіз болып қалмауы үшін ол жақтағы еріктілер бізге көмектесті. Ослодағы танысым Рамиль Кафаров көмекке келіп, аукционға қойылған жеті фотосуреттің төртеуін сатып алуға көмектесті. Соның бірі — Рүстем атамыздың бейнесі», — дейді ол.

Жақын арада норвегиялық зерттеушілер дәулескер күйшінің домбырасын Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясына табыстайды деп күтіліп отыр.

Күйшінің туғанына биыл 107 жыл толып отыр.

Еске сала кетейік, Павлодарда күйші Рүстембек Омаровтың домбырасы сақталып тұр.