Бұл туралы РИА Новости агенттігі Химиялық қаруға тыйым салу Конвенциясын жүзеге асыру жөніндегі Сирия ұлттық органының ресми өкілі Саммер Аббасқа сілтеме жасап хабарлады.
«Халықаралық миссия біз көрсеткен барлық құжаттарды тексерді және қабылдады. Миссия өкілдері сараптамаға жіберетін сынамаларды алу үшін Сирияға тағы да келеді», - деді ол.
РФ Қорғаныс министрлігінің сарапшылары 2016 жылдың 31 қазанында Аллепо провинциясының Африн ауданында орналасқан Маррет-Умм-Хауш елді мекенінде ипритпен жарақтанған 240 миллиметрлік миномет минасының қолданылғаны жайлы айғақтар жинады, деп нақтылай түсті Ұлттық ұйым өкілі.
Миссия тексеру жұмыстарын ұйымдастыру үшін тек құжаттық айғақтарды қабылдады, ал материалдық айғақтар (сынамалар - ред.) мөрленіп, Гаагаға чартерлік рейспен жеткізу жөнінде қаржылық қиындықтар шешілгенше сириялықтарға сақтай тұруға берілді. Сынамалар шамамен 2017 жылдың қаңтар айында жеткізілуі мүмкін.
Миссия Сирия билігінің ресми өтінімі бойынша Дамаскіде 12 желтоқсаннан бастап жұмыс істеді. Оның құрамында - АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Словакия және Словениядан келген сегіз инспектор бар.
Айғақтарды қабылдаған миссия өкілдері әзірге ешқандай пікір білдірген жоқ.
13:22, 18 Желтоқсан 2016
Сирия билігі содырлардың химиялық қару қолданғанын дәлелдейтін айғақтар келтірді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сирия билігі Химиялық қаруға тыйым салу Ұйымының халықаралық миссия өкілдеріне содырлардың иприт химиялық заттегін қолданғанын дәлелдейтін айғақтарды көрсетті.