Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың пікірінше, Қазақстан бейбітшіліксүйгіш ел және адал татуластырушы ретінде бұл процесте елеулі рөл атқарды. «Бұл жанжалды реттеуде БҰҰ ерекше маңызды рөл ойнайды. Жанжалды бейбіт жолмен реттеудің көпсатылы жоспарында соғысты тоқтату, конституциялық реформа жүргізу, ауыспалы үкімет құру сияқты тармақтар бар. Астана өз кезегінде Женева келіссөзінің күн тәртібіндегі мәселелерді толықтырды. Әсіресе, келіссөздер жүргізу арқылы терроризммен күресте күш-жігерімізді біріктіру аса маңызды. Яғни, бұл процесте Қазақстан өзін адал татуластырушы ретінде көрсете білді»,- деп атап өтті министр.
Панельдік сессияда Қазақстан мен Қырғызстанның Сирияға бітімгершілік күштерін кіргізу мәселесі де талқыға түсті. Қайрат Әбдірахманов мұндай алаңдаушылық Сириядағы деэслакация аймақтары туралы меморандумға қол қойылғаннан кейін туындап отырғанын түсіндірді. «Қазақстаннан Сирияға бітімгершілік күштерін жіберу туралы ешқандай ресми келіссөздер жүргізілген жоқ. Сондықтан қазақстандық әскери қызметшілердің бұл процеске қатысуы тек БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің резолюциясы және соған сәйкес мандаты болған жағдайда ғана талқылануы мүмкін»,- деді ол.
Сыртқы істер министрі «Қазақстан Сириядағы ахуалдың кепіліне айналады» деген пікірдің негізсіз екенін қадап айтты. Керісінше, сириялық оппозиция Қазақстан Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың зор беделінің арқасында бейбіт келіссөздерге қол жеткізуге қомақты үлесін қосты деген пікірде.
Сондай-ақ, ашық пікірталаста сирия-күрді әскерлерінің ИШИМ-нің астанасы Раккуды өз қарамағына қайтарған жағдайда тәуелсіз Күрдсітан мемлекетінің құрылуы мүмкін деген ой-пікірлер де айтылды. Әсіресе, жиналғандарды бұл мәселеге Түркияның көзқарасы қатты қызықтырды. Түркияның экс-президенті Абдолла Гүл келешекте реваншистік көңіл-күйді болдырмас үшін, Сирияның саяси және аумақтық тұтастығы толық сақталып қалуы қажеттігін мәлімдеді.
Сирияның ерікті әскерінің өкілі Салим Худайфа сирия жанжалына араласқан ірі елдердің өз мүддесі жолында қарапайым сириялықтардың қанын судай шашып отырғанын мәлім етті. Өз сөзінде ол келіссөздер процесіне қатысушылардың мүдделер қақтығысына назар аударды. «Бір-біріне қарсы тараптардың артында тұрған ірі-ірі елдердің барлығы өзінің мүддесін ойлап отыр. Бұл елдердің өз арасында да мәміле жоқ, олар сириялықтардың қанымен саяси ойынның көрігін қыздыруда. Сондағы мақсаты - өз мүдделері. Олар әлсіз сириялықтар жаны мен жалдамалы әскерлерді өз мүддесіне пайдалануда. Сайып келгенде, Сирия мен ИШИМ - мылтықтың оқпаны мен көлеңкесі»,-деді ол.
Сириялық журналист Алаа Эбраим радикалдық топтардың феноменін зерттеу қажеттігін алға тартты. «Олар өз-өзінен пайда болған жоқ. Бәрінің себептері бар. Бұл - бүгінгі үкіметтің жіберген қателіктері мен дұрыс бағаланбаған жайттардың салдары. Біз оның түп-тамырына үңілмей, мәселені шеше алмаймыз»,-деген ойын жеткізді А. Эбраим.
Таяу Шығыс стратегиялық зерттеулер институтының директоры Кайхан Барзагер Сирия дағдарысын реттеуде Иранның қандай мүмкіндіктері барына тоқталды. «Бір ғана Иран тарапынан мәміленің болуы жеткіліксіз. Өйткені, ол ұлттық қауіпсіздік мәселесіне келіп тіреледі. Біз Асадтан кейінгі ахуал туралы да терең ойлануға тиіспіз. Себебі, террористердің билікті өз қолына қайтаруы да мүмкін ғой. Сондықтан, бұл дағдарысты шешуге Сауд Арабиясы мен АҚШ та қосылуы керек»,- деп мәлімдеді ирандық сарапшы.