Сирия елдің Қорғаныс министрлігі мен армиясының жаңа құрылымын жарияламақ

Фото: Фото: X / HakanFidan

АСТАНА. KAZINFORM – Сирия таяу уақытта елдің Қорғаныс министрлігі мен армиясының жаңа құрылымын жарияламақ. Бұл жайында Сирияның іс жүзіндегі көшбасшысы, «Хайят Тахрир аш-Шам» тобының басшысы (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) Ахмед аш-Шараа мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Түркия сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен бірге ұйымдастырылған баспасөз мәслихаты барысында Ахмед аш-Шараа өзінің әкімшілігі мемлекеттің бақылауынан тыс қару-жарақтың болуына жол бермейтіндігін баса айтты. 

Сириялық топтың көшбасшысы жаңа Үкімет Дамаскіге үкіметке қарсы күштердің 11 күнге созылған шабуылы нәтижесінде аяқталған президент Башар Асадтың басқаруынан кейінгі Сирияның конституциясы мен институттарын толығымен реформалауға ниетті екендігін атап өтті. Оның нақтылауынша, Қорғаныс министрлігі мен Қарулы күштердің жаңа құрылымы алдағы бірнеше күннің ішінде жария етілмек.

Хакан Фиданның жексенбілік сапары Дамаскіге шет мемлекет Сыртқы істер министрінің Башар Асад тақтан тайғаннан кейінгі бірінші сапар болды.

Фидан Сирияға қарсы енгізілген халықаралық санкцияның бәрі елдің қайта қалпына келуіне көмек көрсету үшін жақын арада алынуы тиістігін мәлімдеді. Министр инфрақұрылымды дамыту үшін Анкараның көмегін ұсынды.

Өткен аптада Түркия 12 жылға созылған үзілістен кейін Дамаскідегі Елшілігінің жұмысын жандандырған болатын.

Сириядағы күрд топтарының болашағы

Сапар Түркия қолдау көрсетіп отырған сириялық топтар мен елдің солтүстік-шығысындағы «Сирияның демократиялық күштері» жауынгерлік қанаты арасындағы ұрыс іс-қимылдары аясында орын алды. Елдің іс жүзіндегі көшбасшысы Ахмед аш-Шараамен бірге сөз сөйлеген Фидан сириялық жаңа әкімшілікте «Сирияның демократиялық күштері» жауынгерлік қанатының болуы мәселесі талқыланғанын мәлімдеп, Дамаск Сирияның аумақтық тұрақтылығы мен егемендігін қамтамасыз ету үшін қадам жасайды деп санайтындығын баса айтты.

Түркия «Сирияның демократиялық күштері» жауынгерлік қанатын «Күрдістан жұмысшылар партиясы» содырларының тармағы ретінде қарастырады. Бұл ұйым соңғы 40 жыл бойы түрік мемлекетіне қарсы көтеріліс жасап келе жатыр. «Күрдістан жұмысшылар партиясы» Түркияда, АҚШ пен Еуропалық одақта террористік ұйым ретінде мойындалған.

Дегенмен, «Сирияның демократиялық күштеріне» қолдау білдіретін АҚШ бұл ұйымды террористік ұяшық ретінде қарастырмайды. Вашингтонның ресми өкілдері «Сирияның демократиялық күштерін» сириялық дербес ұйым ретінде ғана қолдау көрсететіндігін алға тартып отыр. Бұған жауап ретінде Түркия АҚШ-тың аталған ұйыммен ынтымақтастығына наразылығын білдірген болатын.

— Алдағы уақытта «Сирияның демократиялық күштері» Сирияның ұлттық бірлігіне қауіп төндірмейтіндей нүктеге жетуі тиіс, — деген Фидан бұл ұйымның таратылуы қажеттігін баса атап өтті.

Бұған дейін Түркияның Қорғаныс министрі Анкара Сирияның жаңа басшылығы мен «Сирияның ұлттық армиясы» қарулы тобы елдің солтүстік-шығысына иелік етіп отырған «Сирияның демократиялық күштері» содырларын өз аумағынан ығыстырып шығаратындығына үміт артатындығын мәлімдеген еді.

Фото: X / HakanFidan

Таяуда «Сирияның демократиялық күштері» басшысы Мазлум Абди алғаш рет Сирияда «Күрдістан жұмысшылар партиясы» жауынгерлерінің бар екендігін, олардың Ислам мемлекетімен күреске көмектескендігін айтқан болатын. Мазлум Абди егер Түркиямен соғысты толықтай тоқтату туралы келісім жасалғанда олардың үйлеріне қайтатындығына да уәде берді.
Башар Асад режимі құлағаннан кейін «Сирияның демократиялық күштері» Анкара мен Түркия қолдау көрсететін топтардың тарапынан шабуылдардың қатерінен қиын жағдайға тап болып отыр. Анкара сириялық одақтастармен бірге Сирияның солтүстігінде күрд топтарына қарсы бірнеше мәрте трансшекаралық шабуыл жасады және Сирия аумағын шекара бойымен бақылауында ұстап тұр. Сонымен қатар Түркия АҚШ-тан және оның одақтасы НАТО-дан күрд содырларына қолдау көрсетуді доғаруды талап етіп отыр.