Сирия, Иордания және АҚШ бірлескен жұмыс тобын құрды

АСТАНА. KAZINFORM — Сирияның сыртқы істер министрі Асад Хасан Шейбани, Иорданияның сыртқы істер министрі Эймен ас-Сафеди және АҚШ-тың Анкарадағы елшісі әрі Сирия бойынша арнайы өкілі Том Баррак Иордания астанасы Амманда өткен үшжақты кездесуде бірлескен жұмыс тобын құру мәселесін талқылады.

Фото: Анадолы

Сириялық SANA агенттігінің хабарлауынша, үш тарап — Сирия, Иордания және АҚШ — Амманда үшжақты саммит өткізіп, оның қорытындысы бойынша бірлескен жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдады.

— Сирия–Иордания–АҚШ үшжақты жұмыс тобы Сувейда провинциясында атысты тоқтату режимін нығайту және сириялық дағдарысты кешенді шешу жолындағы үкіметтің күш-жігерін қолдайды, — делінген хабарламада.

Тараптар гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты күшейтудің маңызын атап өтті және сириялық дағдарысты жан-жақты әрі тұрақты шешу үшін саяси үдерісті қолдаудың маңыздылығына назар аударды.

Атап айтқанда, Женева процесі мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің № 2254 қарары негізіндегі саяси шешім процесіне қолдау көрсету қажеттігі ерекше атап өтілді.

Бұдан бұрын Сирия билігі Эс-Сувейдадан әскерін шығара бастағанын жазғанбыз.

Сириялық Қызыл Жарты Ай ұйымы Сувейда провинциясына гуманитарлық қажеттіліктерді өтеу мақсатында 30 жүк көлігі жіберілгенін хабарлады.