Сирия көтерілісшілеріне 11 ел көмектеспек

АСТАНА. 23 маусым. ҚазАқпарат - "Сирияның достары" деп аталатын елдер - Египет, Түркия, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Иордания, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері,

Катар мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері кеше, 22 маусымда Доха (Катар) қаласында кездесті.

Олар Сириядағы Башар Асад режиміне қарсы күресіп жатқан көтерілісшілерге көмекті күшейту туралы келіссөздер жүргізді.

Катар премьер-министрі шейх Хамад бен Джасим аль-Тани: "Көтерілісшілерге қару жеткізу - қақтығысты шешудің жалғыз жолы", деп мәлім етті.

Ал АҚШ өткен аптада Сирия режимі химиялық қару қолданғанын, көтерілісшілерге көмек беретінін мәлімдеген болатын.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри: "Көтерілісшілерге көмек беру жоспарын БҰҰ, Араб лигасы елдері, Еуропа қауымдастығы, АҚШ қолдап отыр. Қақтығысты шешудің саяси мүмкіндіктерінен үміт жоқ, әскери тәсілдер қалды", деген еді.

Еуроодақ Сирия оппозициясына әскери көмек беруге қойған шектеулерін алып тастады.

Сирия оппозициясының жауынгерлері соңғы уақытта үкімет әскерінен жеңіліп жатыр. Үкімет әскері Ресей мен Иранның көмегіне, Ливанның "Хизболла" ұйымының қолдауына сүйеніп отыр.

Белсенділер 22 маусым күні үкімет әскерінің Дамаскінің көтерілісшілер бекінген аудандарына шабуылды күшейткенін, көтерілісшілерді қоршау үшін танкілер келгенін хабарлады.

Сирияда Асад режиміне қарсы 2011 жылы наурызда басталған қарулы көтеріліс барысында 70 мыңнан аса адам қаза тауып, бірнеше миллион тұрғын баспанадан айырылды, деп жазады «Азаттық».