«Қазіргі кезде Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығысқа 150-ден астам қазақстандық қатысуда, олармен бірге 200-ден артық әйелдері, содырлардың жесірлері және балалары бірге жүр. Кейбір кездерде журналистер «осындай адамдардың елден кетуіне тосқауыл жасаудың қажеті қанша? Олар жолдарын өздері таңдайды. Ауғанстанда, Сирияда қаза болған ондаған қазақстандық секілді мерт болғысы келсе, бұл олардың өздерінің құқығы» деген сауалдар қойылып жатады. Алайда біздің азаматтар әскери қылмыскер, лаңкес атанып, Отанынан алыс жерде өмірі қиылып жатқан жағдайды қалыпты құбылыс деп санамаймыз. Сонымен қатар рухани-адамгершілік бағытта адасқан осы адамдар лаңкестік күресте кәсіби дағдысын жетілдіріп, зақымданған сана-сезімімен қайта оралуы мүмкін»,- деді ҚР ҰКК төрағасы.
Сонымен қатар Н.Әбіқаев проблеманың тағы бір аспектісі ретінде интернет пен БАҚ-та ДАИШ-ке (Ислам мемлекеті) қатысты шектен тыс назар аударылып отырғандығын атап өтті.