Сирия оппозициясының көшбасшысы Женевадағы келіссөздерге қатысуға келісті

АСТАНА. 28 қараша. ҚазАқпарат - Сирияның оппозициялық және революциялық күштері ұлттық коалициясының көшбасшысы Ахмад Джарба 2014 жылғы қаңтарда Женевада өтетін бейбіт келіссөздерге қатысатындығын мәлімдеді. Бұдан бұрын ол бірқатар талаптар қойған еді.

Джарба БҰҰ қолдауымен шақырылған конференция Сириядағы саяси билікті бейбіт тапсыруға алып келеді деп үміттеніп отыр. Сонымен қатар Башар Асадтың Үкіметі де елдегі жағдайды реттеуге арналған женевалық келіссөздерге қатысуға келісімін берді. Алайда, олар билікті көтерілісшілерге бермейтіндіктерін ескертіп отыр. Атап айтқанда 25 қарашада БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун сириялық дағдарыс бойынша бейбіт конференцияның нақты мерзімін атаған болатын. Оның сөзінше, «Женева-2» жиыны 22 қаңтарда өтеді.