Дамаск соты сейсенбі күні Башар Асадты сырттай өлім жазасына кесіп, оны қасақана кісі өлтіру, азаптау, адамзатқа қарсы және соғыс қылмыстары үшін кінәлі деп тапты.
Дамаск қаласының Төртінші қылмыстық сотының судьясы Фахр ад-Дин әл-Арьян бұрынғы президенттің жауапкершілігі, басқалармен қатар, оның үкіметтің ең жоғары шешім қабылдаушы тұлғасы ретіндегі лауазымымен және қақтығыс кезіндегі заңбұзушылықтарға қатысы бар құрылымдарды басқарудағы рөлімен байланысты екенін мәлімдеді.
Асадтың туысқан ағасы және Дараа провинциясындағы саяси қауіпсіздік басқармасының бұрынғы басшысы Атеф Наджибке де өлім жазасы тағайындалды.
Істегі басқа айыпталушылардан айырмашылығы, ол сот отырысына қатысты. Наджиб 2025 жылдың қаңтарында қамауға алынған.
Сондай-ақ, сот алты бұрынғы әскери және қауіпсіздік қызметкерін сырттай өлім жазасына кесті. Олардың арасында бұрынғы президенттің ағасы, бұрын Сирия армиясының элиталық 4-ші дивизиясын басқарған Махер Асад, Сирияның бұрынғы қорғаныс министрі Фахд әл-Фрейдж және Дарадағы әскери барлаудың бұрынғы басшысы Луай әл-Әли де бар.
Сот шенеуніктерді кісі өліміне, өлімші етіп азаптауға және бірнеше рет бас бостандығынан айыруға кінәлі деп тауып, олардың қылмысы «адамзатқа қарсы қылмыс» және «соғыс қылмысы» ретінде жіктелді.
Сириядағы Ұлттық өтпелі әділет комиссиясының басшысы Абдель Басит Абдель Латифтің айтуынша, соттың бұл шешімі жәбірленушілер құқығын қалпына келтіру және заң үстемдігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам болды.
Тыңдауға халықаралық құқықтық және гуманитарлық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ жәбірленушілердің отбасылары қатысты. Асад пен бұрынғы үкімет мүшелеріне қарсы сот процестері осы жылдың сәуір айында басталды.
Іс 2011 жылы үкіметке қарсы наразылықтар басылғаннан кейін басталған азамат соғысымен байланысты. Қақтығыс жылдары кезінде жарты миллионнан астам адам қаза тапты, миллиондаған сириялық үйлерін тастап қашуға мәжбүр болды, ал он мыңдаған адам хабар-ошарсыз кетті.
Башар Асад Сирияны 2000 жылдан 2024 жылдың желтоқсанына дейін басқарды. 2024 жылы оның үкіметін қарулы оппозиция шабуылы құлатты. Дамаск құлағаннан кейін ол елден қашып, Мәскеуді паналады.
Сәуір айында біз Сирия соты Башар Асад пен оның ағасына қарсы сырттай сот процесін бастағанын, ал бір жыл бұрын Сирия соты қашқын президентті тұтқындау туралы ордер шығарғанын хабарлаған едік.