Сирия үлкен ойынға оралады: Санкциялардың алынуы елді қалай өзгертпек
АСТАНА. KAZINFORM — 1 шілдеде АҚШ Президенті Дональд Трамп Сирияға салынған санкцияларды алып тастау туралы шешімін жария етті. Бұл шешім ең алдымен ұзақ жылға созылған азаматтық соғыстан тоз-тозы шыққан Сирия үшін зор маңызға ие. Мұндай пікірді саясаттанушы Сұлтан Әкімбеков білдірді.
— Сирияның экономикалық дамуы — бұл Вашингтон мен Парсы шығанағындағы сүнниттік монархияның «Авраам келісімі» деп аталатын ауқымды жоспарының қажетті бөлігі. Бұл келісім Трамптың бірінші президенттік лауазымы тұсында АҚШ-тың қамқорлығымен Израиль мен араб елдері арасындағы текетіресті бірлесіп экономикалық дамуы негізінде еңсеру мүмкіндігі ретінде қарастырылды. Енді Трамптың екінші президенттігі кезінде бұл идея даму үшін тың серпін алғаны сөзсіз. Жалпы ол экономикалық мәселелерге де, Сирияның қазіргі қолданыстағы саяси құрылым моделіне де қатысты, — деді ол.
Саясаттанушының айтуынша, Сирия Парсы шығанағынан Жерорта теңізіне шығатын транзиттік аумақ ретінде үлкен маңызға ие. Тарихи тұрғыда да ол барлық уақытта атаған рөлін орындап келді. Ендігі уақытта осынау зор әлеуетті өңірлік сауда-экономикалық қарым-қатынасты дамыту арқылы ел экономикасын қалпына келтіру үшін пайдалануға мол әлеует туып отыр. Мұның үстіне бұған дейін Сирия арқылы Қатаржан Жерорта теңізіне дейін қатар-түрік газ құбырын салу, сонымен қатар дәл осы бағытта мұнай құбыры желісін дамыту жобалары болған еді.
— Бұрынырақ Башар Асад үкіметі мұнай газ құбырын салу идеясынан бас тартқан. Ол өзге бағдар — Ираннан Сирия арқылы Ливанға құбыр тарту идеясын қолдады. Мұнан бөлек, 2010 жылдары Қатар мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынас күрделі болды. Сол уақытта мұндай газ құбыры Сауд Арабиясы аумағынан өте алмас еді. Бүгінге Иран нұсқасы қарастырылмайды. Тіпті ол өзекті болуын жалғастыра берсе де ендігі уақытта аталған жобаны жүзеге асыру үшін кедергі емес. Дегенмен, соңғы 10 жылда Қатар сұйытылған газ технологиясын дамытты. Бірақ, ол үшін Сирия арқылы газ құбырын салу идеясына қайта оралу таза экономикалық тұрғыда болмаса да саяси көзқарас тұрғысында тиімді болуы ықтимал. Өйткені, парсы шығанағындағы сүнниттік монархия үшін сириялық биліктің жетістікке жеткені маңызды, — деді Сұлтан Әкімбеков.
Оның пайымынша, Парсы шығанағы мен Жерорта теңізі арасындағы транзит Сирия экономикасын дамытудың ең оңтайлы тәсілі саналады. Сондықтан да осы жылдың 16 мамырында Сирия билігі БАӘ-ның DP World порт операторына Тартус портын беру меморандумға қол қойды. Аталған компанияның иесі — Дубай әмірлігінің үкіметі. Меморандумда портқа 800 млн доллар инвестиция салу міндеттемесі қарастырылған.
БҰҰ бағалауына қарағанда, Сирияның азаматтық соғыс басталғанға дейінгі ЖІӨ деңгейін қалпына келтіруге 55 жыл қажет. Мәселен, 2010 жылы елдің сыртқы сауда көлемі 29 млрд доллар, ал импорт 17,5 млрд доллар болды. 2023 жылы сауда-саттық көлемі 4 млрд долларға дейін құлдырады. Оның құрылымындағы импорт үлесі 3,3 млрд долларға жетіп отыр. Сирия бүгінде зәйтүн майын, дәмдеушілер, көкөніс пен шойын сынықтар экспортқа шығарады. Демек, ел әлемдік сауда-саттықтан толықтай ажырап қалды деген сөз. Сирия бүгінде экспорт бойынша әлемде 176-орында тұр.
2010 жылы Сирия жылына 15 млн тонна мұнай өндіріп келді. Жанжал салдарынан Евфрат ауданындағы барлық кен орында «Сирияның демократиялық күштері» күрдтерінің бақылауына өтіп кетті. Дегенмен, 2011 жылы күрдтердің бақылауы кезінде де мұнай өндіру 40 пайызға құлдырады. Бүгінде Дамаск мұнай мен мұнай өнімдерін күрдтерден сатып алып отыр. 2025 жылдың 10 наурызында Сирияның жаңа билігі күрд автономиясы институттарын үкімет құрамымен ықпалдастыру туралы шарт жасады.
Соғыс жылдарында Сириядан 5-7 млн адам босып кетті. Тағы 5 млн адам ел ішінде көшіп-қонып жүр. Ал елдегі еңбекке жарамды15,5 млн адамның 57 пайызы жұмыссыз.
— Мұндай жағдайда Сирия мемлекетіне табыс, экономикаға инвестиция, халыққа жұмыс қажет. Бұл міндеттерді шешпей сириялық босқындардың елге оралуына үміт арту қиын. Санкциялар жағдайында және инвестиция болмаған кезде бұл тіпті мүмкін де емес. Сондықтан санкциялардың алынуы дұрыс шешім болды. Мәселен, ЕО 2025 жылдың мамыр айының соңында Сирияның банк секторына салынған санкцияларды алып тастады. АҚ қаржы министрлігі де осы жылдың 25 мамырында санкциялардың басым бөлігін жойды, — деді саясаттанушы.
Саясаттанушының пікірінше, экономика мен саясат үнемі бір-бірімен байланысты болады.
— Қалай дегенде де АҚШ, ЕО, Парсы шығанағы елдері Сирияның қайта қалпына келуіне бәс тігіп отыр. Ал оның біршама әлеуеті бар екендігі сөзсіз. Өйткені, бұл ел тарихи тұрғыда Таяу Шығыста үлкен рөл атқарған болатын, — деді Сұлтан Әкімбеков.
Айта кетелік Трамп АҚШ-тың Сирияға қарсы санкцияларын алып тастаған еді.