Сирия жаңа банкноттарын таныстырды

Фото: SANA

АСТАНА.KAZINFORM - Сирия билігі валюта реформасын алдыңғы кезеңнің аяқталуы мен елдің жаңа саяси және экономикалық бағытына көшуінің символы деп атады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Дүйсенбі күні Дамасктегі Конференциялар сарайында Сирияның уақытша президенті Ахмад аш-Шараа жаңа банкноттардың таныстырылым рәсіміне қатысты. SANA ақпараты бойынша, іс-шараға Сирия Орталық банкінің басшысы Абдулкадер Хасрие де қатысты.

Аш-Шарааның хабарлауынша, ел төлемдерді жеңілдету және қаржылық операцияларды ыңғайлы ету мақсатында екі нөлді алып тастап, қайта номинализациялауды жүзеге асырып жатыр. Алайда, ол банкноттарды өзгертудің өзі экономикалық панацея емес екенін атап өтті.

- Нөлдерді алып тастау төлемдерді жеңілдетеді, бірақ экономиканы автоматты түрде жақсартпайды. Экономикалық өсім өндірістің артуына, жұмыссыздықтың азаюына және банк секторының тұрақтылығына байланысты, - деп атап өтті Сирия президенті.

Аш-Шараа азаматтарды өтпелі кезеңде сабыр сақтауға шақырып, ескі банкноттарды айырбастау кезең-кезеңімен және бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылатынына сендірді.

Бұған дейін Сирия жаңа валютасын айналымға енгізетіні хабарланған болатын.