Сирияда Башар Асад кеткеннен кейінгі алғашқы парламенттік сайлау аяқталды

Фото: BBC

АСТАНА. KAZINFORM — Сирияда Башар Асад биліктен кеткеннен кейінгі алғашқы парламенттік сайлау өтті, деп хабарлайды BBC.

Өтпелі кезеңде заң шығаруға жауап беретін ҚХА-ның тікелей сайлауы жоспарланбаған. Оның орнына «сайлау алқалары» 210 парламентарийдің үштен екісін таңдайды, қалғанын уақытша президент Ахмед аш-Шараа тағайындайды.

Елді ұзақ уақыт басқарған бұрынғы президент Башар Асадты 13 жылға созылған азаматтық соғыстан кейін 2024 жылы желтоқсанда көтерілісшілер биліктен тайдырған болатын.

Дауыс беруге Сирияның үш провинциясы қатыспады. Олар күрдтер бақылауындағы Ракка мен Хассака және үкімет күштері мен друз жасақтары арасында қанды қақтығыстар болған Сувейда. Билік қауіпсіздік мақсатында бұл аумақтарда сайлауды уақытша кейінге қалдырды.

Өткен аптада Сирия президенті Ахмед аш-Шараа БҰҰ Бас ассамблеясында сөйлеген сөзінде қантөгіске кінәлілердің барлығын, сондай-ақ Асад тұсында жауыздық жасағандарды жауапқа тартуға уәде берген болатын.

Бұған дейін Сирия Халық мәжілісінің Жоғарғы сайлау комитеті елдің кейбір провинциясында Халық мәжілісінің мүшелері сайлауына кандидаттар тізімін жариялап, сайлау науқанының басталғанын хабарлаған еді