Сирияда дүниеден озған қарт ананың соңында 400 үрім-бұтағы қалды
07:30, 03 Наурыз 2010
АСТАНА. Наурыздың 3-і. ҚазАқпарат - Сирияның ұзақ өмір сүрген тұрғындарының бірі Фахима Омар Әл-жаралла ханым сейсенбі күні 107 жасында дүниеден озды,
деп хабарлайды САНА агенттігі.
Ақпарат құралдарының хабарлауынша, кейуананың соңында 400-ге жуық үрім-бұтақ қалған. Кейуананың 70 жастағы ұлы Әбдел Гаффур әл-Хатыбтың айтуынша, оның анасы өмірінің соңғы күндері дейін «жақсы денсаулыққа ие болған, алыс сапарлардан еш қорықпаған, ақырғы деміне дейін көңілді болған».
Біраз жасқа келіп қалғанына қарамастан, кейуана дүкенге өзі барып-келіп жүрген, өз киімдерін өзі жуған, үшінші қабатта орналасқан үйіне ешкімнің көмегінсіз көтеріліп жүрген. Балаларының сөзіне қарағанда, қарияның негізгі мәзірі сүт өнімдері, қолдан тартылған май мен үйде пісірілген нан, ет және құрма болған.