Сирияда тойда жарылыс болып, 33 адам зардап шекті

АСТАНА. KAZINFORM — Сирияның оңтүстігіндегі Дараа провинциясындағы Абидин ауылында үйлену тойына гранатамен жасалған шабуылдан 33 адам зардап шекті, олардың арасында балалар да бар. Бұл туралы Report агенттігі жазды.

Фото: Report

Мәліметтерге қарағанда, белгісіз біреулер той өтетін жерге екі граната лақтырып, келген қонақтарды жаралаған.

— Жарақат алғандардың жағдайы жеңіл, не болмаса ауыр деп айтуға келмейді. Барлығы қалыпты жағдайда. Тек бір адамның аяғын кесуге тура келген, — дейді жергілікті шенеунік.

Оқиға бойынша тергеу басталды, құқық қорғау органдары жағдайдың барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Апта басында Сирия астанасы Дамаскіде жарылыс болды. Оқиға Сирияның бұрынғы президенті Башар Асад үкіметінің құлауының бір жылдығына арналған іс-шараларға дайындық кезінде болған.