Сириядағы Ислам мемлекеті шабуылы кезінде қауіпсіздік күштерінің төрт қызметшісі қаза тапты
АСТАНА. KAZINFORM – Лаңкестік топтың Сирияның солтүстігіндегі белсенділігінің артуынан үкімет күштерінің арасында адамдар құрбан болды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.
Сирияның Ішкі қауіпсіздік күштерінің төрт қызметкері елдің солтүстігіндегі Ракка қаласының Ас-Сабахия бақылау-өткізу пунктіне «Ислам мемлекеті» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым – ред.) содырларының шабуылы салдарынан қаза тапты. Бұл туралы SANA ақпарат агенттігі Сирия Ішкі істер министрлігінің мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып хабарлады.
Шабуылды тойтару кезінде шабуылдаушылардың бірі қаза тауып, тағы екі қызметкер жарақат алды. Қазіргі уақытта бөлімшелер ұйымның қалған мүшелерін анықтау және залалсыздандыру үшін жақын маңдағы аудандарда іздеу операциясын жүргізіп жатыр.
Ведомство мәліметінше, шабуыл қаланың батыс бөлігіндегі қауіпсіздік бекеттерінің біріне жасалған.
Сирия ІІМ атап өтуінше, бұл соңғы 48 сағат ішінде Раккадағы қауіпсіздік күштеріне жасалған екінші шабуыл. Бір күн бұрын бұл нысанға осыған ұқсас шабуыл жасалып, соның барысында содырлардың бірі жойылды.
SANA агенттігінің қауіпсіздік құрылымдарындағы дереккөзге сілтеме жасап хабарлауынша, шабуыл үшін жауапкершілік ИМ ұйымына жүктелген.
Топтың өзі соңғы шабуылға қатысы барын әзірге мәлімдеген жоқ.
Reuters агенттігінің хабарлауынша, бұл Дамаскідегі билік ауысқаннан бері ИМ-ның үкімет күштеріне қарсы жасаған ең жойқын шабуылы болуы мүмкін. Шабуылдан екі күн бұрын топ Сирия үкіметіне қарсы «операциялардың жаңа кезеңі» басталғанын жариялады.
Сенбі күні ИМ елдің солтүстік және шығыс аудандарында әскери қызметшілерге жасалған екі шабуыл туралы мәлімдеп, салдарынан бір сарбаз бен бір бейбіт тұрғынның қаза тапқанын хабарлады.
Бұған дейін үкімет күштері бұрын күрд құрылымдары басқарған Ракка қаласын бақылауына алған болатын. Сирияның солтүстігі мен шығысындағы жағдай экстремистік ұйымның жасырын топтары белсенділігінің жалғасуына байланысты шиеленіскен күйінде қалып отыр.
Сондай-ақ белгісіз қарулы адамдар Дейр-эз-Зор провинциясындағы Маядин қаласындағы армия штабына шабуыл жасап, бір сарбазды өлтіргені мәлім болды. Әзірге ешбір топ шабуыл үшін жауапкершілікті мойнына алған жоқ.
Осыған дейін Сирия арнайы қызметі Ахмад аш-Шарааға бағытталған екі қастандықтың алдын алғанын хабарладық.
Сондай-ақ Сирия президентінің жалпы рақымшылық туралы жарлық шығарғанын жаздық.