Сириядағы әскери операцияны араб елдері қаржыландырады - Дж.Керри

АСТАНА. 5 қыркүйек. ҚазАқпарат - АҚШ-тың Сирияға әскери операциясын араб елдері қаржыландырады. Бұл туралы Американың мемлекеттік хатшысы Джон Керри мәлім етті.

«Россия - 24» арнасы хабарлағандай, Дж.Керри нақты қай мемлекеттердің қанша ақша беретінін жариялаған жоқ. «Америка әскерін қаржыландыру - бұл шешілген мәселелердің бірі», - деп қысқа ғана қайырды ол. Айта кетейік, АҚШ-тың президенті Б.Обама Сирияның бүгінгі билігін химиялық қаруды қолданып, халықаралық нормаларды бұзды деп айыптады. Сол үшін Б.Асадқа қарсы әскери операцияны өткізуге мүдделі. Алайда БҰҰ-ның мамандары тиісті сараптаманың қорытындысын әлі шығарған жоқ. Соған қарамастан, Б.Обама халықаралық интервенцияны бастауды көздеп отыр.