Сириядағы химиялық қаруды жою туралы қарар қабылданды - БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі

АСТАНА. 28 қыркүйек. ҚазАқпарат - БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Сириядағы химиялық қаруды жою туралы тарихи қарар қабылдады.

Бүкіл әлем асыға күткен құжатты халықаралық қауымдастыққа мүше барлық 15 ел жақтап дауыс берді. Бірақ, қарарды қабылдау қандай қиын болса, жауапкершілігі де соншалықты ауыр. Қарарда Сириядағы химиялық қаруды кез келген түрде қолдану айыпталды және жаппай қырып-жоятын қарудың бүлікшілердің қолына түсудің алдын алу қажеттілігі айтылды. Егер, араб елінде химиялық қаруды қолдану оқиғасы қайталатын болса, БҰҰ Жарғысының 7-тарауына сәйкес, шара қолданылады. Бұл тарау санкциялар мен әскери күш қолдануды қарастырады.

«БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің талабына сәйкес, халықаралық сарапшылармен бірлесе жұмыс істеуге сириялық оппозиция да міндетті. Сирия оппозициясының жікке бөлінген топтары «Женева-2» халықаралық конференциясына қатысуға дайын екендігін мәлімдеуі керек. Мұндай мәлімдемені Сирия Үкіметі жасаған. Сондықтан, оппозиция өкілдерінің демеушілерін оларға тиісті ықпал етуге шақырамыз.

Қарар Сириядағы улы заттардың қорын жою жоспарының маңыздылығын салмақтай түсті. Бұл жоспар қарар қабылданардан бірнеше сағат бұрын Гаагада мақұлданған болатын. Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі ұйым Сирияның химиялық қаруын 2014 жылдың ортасына дейін толық жою туралы бағдарламаны бекітті. Сонымен бірге, осы ұйымның инспекторлары 1 қазанға дейін Сириядағы тергеу жұмысына кірісуі керек»,- дейдіРФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавров.

АҚШ Мемлекеттік хатшысыДжон Керридің пікірінше, «бұл қарар соғыстың ең қорқынышты қаруын жоюға дипломатияның шамасы жететінін көрсетті. Егер қарар толық жүзеге асатын болса, біз әлемнің ең мазасыз аймақғы саналатын Сириядағы ірі химиялық қару қорын жоямыз. Бірақ, Дамаск құжат талаптарын орындамаса, мұның салдары ауыр болады».

Ал Сириядағы жағдайды реттеу жөніндегі «Женева-2» конференциясы қарашаның ортасында өтуі мүмкін. Бұл туралы БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун мәлімдеді. Бас хатшының айтуынша, қазір бұл шаруамен Сирия бойынша арнайы елші Лахдар Брахими айналысып жатыр, деп хабарлайды 24.kz.