Сириядағы медициналық қызметкерлердің жартысынан астамы елден кетіп қалды

АСТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат - Халықаралық гуманитарлық ұйымдардың ескертуіне қарағанда, Сирияда денсаулық сақтау саласының жағдайы күн сайын нашарлап барады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ақпараты бойынша сириялық ауруханалардың үштен бір бөлігі жабылып, медициналық қызметкерлердің жартысынан астамы елден қоныс аударған. Ең сорақысы - қара нарықтағы дәрі-дәрмектің құны кейбір жағдайларда он есеге дейін асып түседі. Бұдан бөлек, аталған ұйымның пайымынша, он төрт жылдан бері Сирияда полиомиелиттің алғаш белгілері пайда болды. Бұл індеттің белең алуы соңғы екі жылда сириялық жарты миллион балаға екпе жасалмауына байланысты. БҰҰ мәліметі бойынша сириялық қақтығыс 100 мыңнан астам адамның өмірін қиды.