Сириялық Алеппода кемінде 14 адам жарылыс құрбаны болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алеппоның солтүстігінде қуатты жарылыс болып, оның салдарынан «Карлтон» қонақүйі мен сол маңайдағы бірнеше ғимарат бүлінді, деп хабарлады ресейлік «Жаңалықтар» агенттігі.

Сана мемлекеттік ақпарат агенттігінің мәліметтері бойынша, бомба қонақүй астында қазылған тоннельге қойылған.

Қонақүйдің өзі 150 жыл бұрын салынған ғимараттың ішінде және Цитадельге қарсы орналасқан, ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралары тізіміне енген ортағасырлық қала мен базар маңында.

Белгілі болғандай, кемінде 14 адам жарылыс құрбаны болды.

Лондонда орналасқан Сирияның адам құқықтарын бақылау ұйымы қонақүйде орналасқан сириялық әскери қызметшілердің көпшілігі жарылыс салдарынан мерт болғанын мәлімдеді.

Көтерілісшілер жарылыс болған сәттің фотосуретін жариялады, онда оқиға болған жерді басқан түтін мен шаң орасан зор бұлт сияқты мұнартып тұр.

Екі тарап та жарылыс Алеппода қалыптасқан тұйыққа тірелген жағдайдан шығуға тырысушылық деп отыр. Соңғы аптада көтерілісшілер үкіметтік әскерлер орналасқан аумаққа кіруге әрекет жасаған болатын.