Сирияны қалпына келтіруге шамамен 216 млрд доллар кетеді — Дүниежүзілік банк

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Он жылдан астам азамат соғысынан кейін елді қалпына келтіру халықаралық күш пен рекордтық қаржы құюды қажет етеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің менгікті тілшісі.

Сейсенбі күні Дүниежүзілік банк жариялаған «2011–2024 жылдар аралығындағы Сириядағы қирандылар мен қалпына келтіруді бағалау» атты баяндамасына сәйкес, Сириядағы азаматтық соғыс елдің соғысқа дейінгі өндірістік активтерінің үштен бір бөлігін жойды. Инфрақұрылымға, тұрғын үй және тұрғын емес ғимараттарға келтірілген тікелей физикалық залал 108 миллиард долларға бағаланды.

Дүниежүзілік банк мәліметінше, елде көбінесе инфрақұрылым зардап шекті, ол барлық қираудың 48%-ын (шамамен 52 млрд доллар) құрады, одан кейін тұрғын үйлер (33 млрд доллар) және тұрғын емес ғимараттар (23 млрд доллар) тұр. Ең көп шығынға ұшыраған провинциялар арасында Алеппо, Риф Дамаск және Хомс бар.

Физикалық инфрақұрылымды қалпына келтіруге арналған болжамды шығындар 140 млрд доллардан 345 млрд долларға дейін ауытқиды.

Оның 75 миллиард доллары тұрғын үйге, 59 миллиард доллары тұрғын емес ғимараттарға, 82 миллиард доллары инфрақұрылымға қажет болады.

Соғыс кезінде Сирия экономикасы орасан зор шығынға ұшырады: елдің нақты ЖІӨ 2010-2022 жылдар аралығында 53%-ға қысқарды. Номиналды мәнде ЖІӨ 2011 жылғы 67,5 миллиард доллардан 2024 жылы шамамен 21,4 миллиард долларға дейін төмендеді. Демек, қайта құру құны Сирияның биылғы жылғы болжамды ЖІӨ көлемінен он есе дерлік артық.

— Сирия алдында тұрған міндеттер орасан зор, бірақ Дүниежүзілік банк қалпына келтіруді қолдау үшін Сирия халқымен және халықаралық қоғамдастықпен жұмыс істеуге дайын. Тек ұжымдық ықпалдастық, келісілген іс-қимыл және кешенді көмек көрсету бағдарламасы елді қалпына келтіру және ұзақ мерзімді даму жолына қайтара алады, — деді Дүниежүзілік банктің Таяу Шығыстағы директоры Жан-Кристоф Карре.

Сирияның қаржы министрі Мұхаммед Ясир Барние Дүниежүзілік банк баяндамасында «қирау ауқымы мен алдағы қалпына келтіру шығындарына сыни баға берілгенін» атап өтті.

— Қазір халықаралық қауымдастық Сирияға инфрақұрылымды қалпына келтіруге, қауымдастықтарды жандандыруға және тұрақты болашақтың негізін қалауға көмектесу үшін күш-жігер мен серіктестіктерді жұмылдыруы керек, — деді министр.

Есеп Барние Вашингтонда Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесіп, Сирияның экономикалық және қаржылық қалпына келуіне қолдау көрсету жолдарын талқылаған соң екі күн өткеннен кейін жарияланды. Дамаск алдағы үш жылда шамамен 1 миллиард доллар грант тартуды көздеп отыр.

Зерттеу Дүниежүзілік банктің Апаттар қаупін азайту және қалпына келтіру жөніндегі жаһандық қорының (GFDRR) қаржылық және техникалық қолдауымен дайындалды. Есеп авторлары бағалаулардың алдын ала екенін және жаңа деректер қолжетімді болған сайын жаңартылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Бұдан бұрын Түркиядан Сирияға 10 ай ішінде жарты миллионнан астам босқын қайтып оралғанын жаздық.