Сирияның Сувейда провинциясына 30 көлік гуманитарлық көмек жеткізілді

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Сириялық Қызыл Жарты Ай ұйымы елдің оңтүстігінде орналасқан Сувейда провинциясына гуманитарлық қажеттіліктерді өтеу мақсатында 30 жүк көлігі жіберілгенін хабарлады, деп жазады Анадолы.

Провинция әкімшілігінің Telegram парақшасында жарияланған мәлімдемеге сәйкес, Қызыл Жарты Ай жіберген гуманитарлық көмектің екінші керуені Сувейда шекарасына жеткен.

Гуманитарлық көмек құрамында жедел жәрдем көліктері, дәрі-дәрмектер, тұрмыстық тауарлар және жанармай таситын автоцистерналар бар. Бұл көмек — соңғы уақытта Сувейдада болған оқиғаларға байланысты негізгі қажеттіліктерге қол жеткізе алмай отырған бейбіт тұрғындарға арналған.

Сувейдадағы қақтығыстар

13 шілдеде Сувейда провинциясында араб-бәдәуилері (көшпелі араб халқы) мен кейбір друз топтары арасында қарулы қақтығыстар болды. Жағдайға араласу үшін келген Сирия қауіпсіздік күштері қарулы шабуылға тап болды.

Қақтығыстар уақытша бітім арқылы тоқтатылғанымен, Хикмат әл-Хаджриге бағынышты друз жасақтары бұл келісімді бұзды.

16 шілдеде Израиль армиясы Сириядағы президент сарайы, Бас штаб және Қорғаныс министрлігіне соққы жасады.

Сирия армиясы Сувейдадан шегінгеннен кейін әл-Хаджри тобы бәдәуи отбасыларын қуып шығара бастады және оларға қарсы күш қолданды. Бұған жауап ретінде мыңдаған бәдәуи және тайпа жауынгерлері араб-бәдәуилерді қолдау үшін жиналды.

19 шілдеде Сирия үкіметі Сувейдаға қауіпсіздік күштерін қайта орналастырып, қаладағы бәдәуилер мен тайпалық қарулы топтарды ығыстырды.

Айта кетейік, 13 шілдеде басталған қақтығыстардың салдарынан жүздеген бейбіт тұрғын мен қарулы адам қаза тапқаны хабарланды.

Бұған дейін Сирия билігі Эс-Сувейдадан әскерін шығара бастағанын жазған едік.