АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін футболдан Қазақстан Премьер-лигасының ХХІІ турында Семейдің «Елімай» командасы сырт алаңда талдықорғандық «Жетісудан» жеңіліп қалды. Ал «Ордабасы» Петропавлда жергілікті «Қызылжар» командасын минималды есеппен жеңді.
Жүлделі орыннан дәмелі семейлік клуб қазіргі уақытта турнирлік кестеде үздік үштікті түйіндеп тұр. Әлі де бас жүлдеге таласатын мүмкіндігі бар. Дегенмен бүгін олар Талдықорғанның «Жетісуынан» 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Кездесудің фавориті саналған ұжым түзде ұпай жоғалтып, жағдайын біршама қиындатып алды.
Чемпиондықтан басты үміткер Шымкенттің «Ордабасы» клубы екінші жыл қатарынан жеңіс тұғырынан көрінуге жақын. Петропавлда жергілікті «Қызылжар» клубымен кездескен олар 1:0 есебімен жеңіске жетті. Нәтижесінде турнир кестесінде 39 ұпаймен қарсыластарынан ұзай түсті.
Енді аталған турдағы қалған үш ойын ертең өтеді. 16:00-де «Ақтөбе» мен «Қайрат» (Алматы), «Атырау» мен «Тұран» (Түркістан), «Жеңіс» (Астана) пен «Тобыл» (Қостанай) жасыл алаңға шығып, кім мықтыны анықтайды.
Ал, аталған турдағы «Астана» мен «Шахтер» (Қарағанды) кездесуі 16 қазанға шегерілді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.