Сыртқы қарыз: Біз кімге берешекпіз?

Коллаж: Kazinform/Freepik

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы уақытта Қазақстанның сыртқы қарызы қоғам назарындағы маңызды тақырыптың біріне айналды. Қарыздың жалпы көлемінен бөлек, оның қайдан алынғаны, қандай шарттармен тартылғаны және нақты қай мақсаттарға жұмсалатыны өзекті мәселе болып отыр. Бұл факторлар жиі ескерусіз қалып, сыртқы борышқа қатысты пікір тек сандық көрсеткішпен шектеледі. Осы орайда Kazinform ресми деректерге сүйене отырып, мәселенің мән-жайына үңілді.

Қарыз түрлерін ажырату қажет

Дерек бойынша, 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға сәйкес, елдің сыртқы қарызы 165,63 млрд АҚШ доллары болған. Ұлттық банктің ақпаратына сәйкес, сыртқы қарыз құрылымы бірнеше секторға бөлінеді.

Инфографика: Kazinform

Экономист Мақсат Халық атап өткендей, бұл құрылымды дұрыс түсіну аса маңызды, себебі кей жағдайда барлық сыртқы қарыз біртұтас мемлекеттік берешек ретінде қарастырылып, қоғамда түсініспеушілік туындайды.

– Жалпы сыртқы борыштың ең үлкен бөлігі (шамамен 55%) фирмааралық берешекке тиесілі. Бұл – шетелдік компаниялардың Қазақстандағы еншілес кәсіпорындарына беретін ішкі трансферттері. Мұндай берешек халық пен мемлекет үшін тікелей қауіп төндірмейді, – дейді сарапшы.

Фото: Мақсат Халықтың жеке мұрағатынан

Мақсат Халық «Басқа секторлар» тармағына ерекше назар аударады. Оның айтуынша, бұл санатқа квазимемлекеттік секторлар, яғни ұлттық және мемлекеттік компаниялардың сыртқы қарызы кіреді. Бұл қарыздар ашық көрсетілмей, «басқа секторлар» ретінде берілгені алаңдатарлық. Оның пайымынша, мұндай қарыздар болашақта мемлекеттің мойнына жүктелуі мүмкін. Мысал ретінде ол «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының борышын келтіре отырып, егер бұл компания қарызын өтей алмаса, жауапкершілік Үкіметке ауысатынын атап өтті.

Қарыз алудың жауапкершілігі қандай?

Экономикалық зерттеулер институтының дерегіне сүйеніп, қарыздың географиясына назар аударсақ, Қазақстанның негізгі кредиторлары – халықаралық қаржы институттары мен дамыған елдер. Атап айтқанда, олардың қатарында Азия даму банкі (АДБ), Халықаралық қайта құру және даму банкі (IBRD), Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ), сондай-ақ Жапония, Франция және Қытай сияқты мемлекеттер бар.

Инфографика: Kazinform

Мақсат Халықтың пікірінше, АДБ және IBRD сынды ұйымдар арқылы қаржыландырылатын жобалар ұзақмерзімді, төмен пайыздық мөлшерлемелі және жеңілдетілген шарттармен ерекшеленеді. Бұл – Қазақстанның белгілі бір дәрежеде қор жинақтап, тұрақты макроэкономикалық жағдай қалыптастырғанының нәтижесі. Дегенмен, егер ел өз қаржылық қорын толықтай сарқып, күрделі жағдайға тап болса, онда халықаралық қаржы институттары қарыз беруге құлықсыз болуы мүмкін. Мұндай жағдайда қарыз тек Халықаралық валюта қоры арқылы, нақты шарттар мен талаптар негізінде ғана ұсынылады. Бұл ретте сарапшы алынған қарыздың қайда және қандай мақсатта жұмсалатынын айқындау қажет екенін айтты.

Қазақстан басқа Орталық Азия елдерімен салыстырғанда көбірек қарыз алғанымен, бұл қаражат негізінен инвестиция ретінде инфрақұрылым, көлік, энергетика, су ресурстары мен экология бағытындағы жобаларға бағытталады. Қарыз валютасының әртүрлілігі үкіметке белгілі бір деңгейде валюталық тәуекелдерді басқаруға мүмкіндік береді.

Алайда қарыздың басым бөлігі АҚШ доллары мен еуро сияқты негізгі халықаралық валюталарда алынған. Осы валюталар бойынша ФРЖ (АҚШ Федералды резерв жүйесі) мен ЕОБ (Еуропа орталық банкі) мөлшерлемелерінің артуы қарызды қайта қаржыландыру кезінде қосымша жүктеме туындатып отыр, – дейді ол.

Экономист қарыз алу стратегиясы сақтықты талап ететінін де алға тартты.

– Халықаралық институттардың пайыздық мөлшерлемесі төмен болғанмен, қарыз доллармен беріледі және сол валютамен қайтарылады. Ал доллардың бағамы өзгеретінін ескерсек, бұл Қазақстан экономикасы үшін ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Қарызды басқаруда мұндай тәуекелдер ескерілмесе, жағдай дефолтқа ұласуы ықтимал, – дейді сарапшы.

Қазақстан және жаһандық қарыз дағдарысы

Қазақстанның сыртқы қарызының өсуі жаһандық үрдістерден тыс жатқан құбылыс емес. Мәселен, Экономикалық зерттеулер институтының мәліметінше, 2023 жылы әлемдегі мемлекеттік қарыз көлемі 102 трлн АҚШ долларына жетіп, тарихи рекорд орнатқан. Оның ішінде 31 трлн доллары дамушы елдердің үлесіне тиесілі.

Инфографика: Kazinform

ЮНКТАД мәліметінше, 2010 жылдан бастап дамушы елдердің мемлекеттік қарызы дамыған мемлекеттерге қарағанда екі есе жылдам өскен. Қазіргі таңда 3,4 млрд адам өмір сүретін өңірлерде сыртқы қарызды өтеуге жұмсалатын шығындар әлеуметтік салаларға бөлінетін қаражаттан асып түседі. 2023 жылы кедей елдер сыртқы қарыз берушілерге 487 млрд доллар қайтарған, бұл өздері тартқан қаражаттан 25 млрд долларға артық. Бұл елдер үшін сырттан қаржы тарту экономикалық өсімге емес, борышты өтеуге бағытталуда.

Сол сияқты Еуропа мен Орталық Азия аймағында да сыртқы қарыз көлемінің артуы байқалады. 2010 жылдан 2022 жылға дейін бұл өңірде мемлекеттік қарыз көлемі 2,5 есе өскен, ал экономика небәрі 1,4 есе ғана кеңейген. Қарыз өсімі көбіне Кавказ елдері, энергетикалық ресурстар экспорттаушы мемлекеттер мен Батыс Балқан өңірлерінде тіркелген. Сонымен қатар бұл аймақтағы елдердің көпшілігінде қарыздың 70%-і сыртқы борыш болып саналады.

Фото: Pixabay

Қазақстанда елдің несие рейтингі инвестициялық деңгейде сақталып отыр. Бұл үкіметке салыстырмалы түрде тиімді шарттармен қарыз тартуға мүмкіндік береді. Ал көптеген көрші елдер төмен рейтингке ие болғандықтан, олар сыртқы қаржыны жоғары пайызбен тартуға мәжбүр. Мәселен, Тәжікстан 2027 жылы ірі қарыздарын өтеуі тиіс елдердің қатарында.

Сарапшы Андрей Чеботаревтың айтуынша, әлемдік қаржы нарықтарындағы жағдайдың өзгеруі қарыздың құны мен қолжетімділігіне тікелей әсер етіп отыр. Осыған байланысты валюталық құрам, пайыздық жүктеме мен өтеу мерзімдері бойынша белгілі бір саясатты ұстану қажет.

– Қазақстан қарыз алуға құқылы, бірақ нақты, мұқият ойластырылған даму бағдарламалары аясында, төмен пайыздық мөлшерлемемен және тұрақты экономикалық өсу жағдайында ғана. Мұндай жағдайда ол - болашаққа салынған инвестиция», – дейді ол.

Фото: Андрей Чеботаревтың жеке мұрағатынан

Сонымен қатар сарапшы бюджет тапшылығына қатысты айтты.

Қазіргі таңда мемлекеттік кепілдендірілген қарыз бюджет тапшылығын жабуға бағытталып отыр. Бұл қарыз көлемі ЖІӨ-нің 25 пайызынан аспайды. Мемлекеттік қарызды өтеу ұзақмерзімді сипатқа ие. Мысалы, өткен жылы Қазақстан Азия даму банкі сынды ұйымдардан төмен пайызбен қарыз алған. Мұндай жағдайда сыртқы қарыз тарту Ұлттық қор қаражатын жұмсаудан тиімді. Оған алаңдауға негіз жоқ», – деді Андрей Чеботарев.

Қауіпсіз деңгей мен ашықтыққа бағыт

Бүгінде Қазақстанның мемлекеттік қарызы қауіпсіз және басқаруға болатын деңгейде сақталып отыр. Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, мемлекеттік қарыздың жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) қатысты оңтайлы деңгейі 25-32% аралығында болуы қажет. Бұл көрсеткіш елдің борыштық жүктемесін тиімді бақылауға және экономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталған.

Инфографика: Kazinform

Сарапшылар қазіргі мемлекеттік қарыз көлемін аса қауіпті деп санамайды, дегенмен жанама тәуекелдерге назар аудару қажеттігін атап өтуде. Мәселен, сыртқы қарыздың 87,5%-ын ұзақмерзімді міндеттемелер құрайды. Бұл фактор, бір жағынан, өтімділік тәуекелін төмендетеді, яғни жақын арада көп көлемде қарызды қайтару қысымы жоқ. Алайда, екінші жағынан, болашақ ұрпаққа борыштық жүктеме қалуы мүмкін деген алаңдаушылық бар.

Осы тұрғыда қарыз ашықтығын арттыру мәселесі күн тәртібіне шыққан. Биылдан бастап Ұлттық банк сыртқы қарыз бойынша алдын ала статистикалық бағалауларды тоқсан сайын жариялап отырады. Бұған дейін мұндай мәліметтер тек тоқсан аяқталғаннан кейін жария болатын.

Жаңа тәсілдің арқасында енді төлем балансының жедел бағалауымен қатар, сыртқы қарыздың да жедел статистикасы ұсынылады. Бұл Үкіметке, экономистерге және қоғамға қарыз динамикасын уақытылы бақылауға және қажет болған жағдайда жедел шешім қабылдауға мүмкіндік береді деп саналады.