Сыртқы істер министрлігіне жаңа міндеттер жүктеледі
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мәселелері» туралы Үкімет қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Осылайша министрлікке жаңа міндеттер жүктеледі.
Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланған Үкімет қаулысының жобасында Сыртқы істер министрлігіне адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық ынтымақтастық саласында Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын іске асыруды қамтамасыз ету жүктелетіні көрсетілген.
Сонымен қатар ведомствоға шет елде адам саудасының құрбандары болған Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, шетелде адам саудасының құрбаны болған Қазақстан азаматтарын, оның ішінде кәмелетке толмағандарды, Қазақстан Республикасы таныған босқындарды және Қазақстанда тұрақты тұратын азаматтығы жоқ адамдарды тиісті құжаттармен қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасына қайтару жөніндегі шараларды қабылдау міндеттері қоса берілмек.
Қаулы жобасы 9 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға шығарылып отыр.