Сырттан кірген автокөлікке негізсіз берілген 6,5 мыңнан астам сертификаттың күші жойылды

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттің реттеушілік функцияларын тиімді күшейтетін және бизнестің жауапкершілігін арттыратын кез жетті. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов айтты.

Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Ішкі нарықтағы тауарлардың қауіпсіздігі мен сапасын арттыру мәселелері адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың негізі саналады. Сондай-ақ, бұл отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда, жаңа өнімдер шығаруда маңызды рөл атқарады. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, экономикасы дамыған мемлекеттер өндірілетін және сырттан әкелінетін өнімнің сапасын бақылап, мониторинг жүргізу үшін міндетті түрде техникалық реттеу мүмкіндіктерін пайдаланады», - деді Премьер-Министр.

Оның атап өтуінше, әлемдегі кәсіпкерлік қызмет түрлерінің 70 пайыздан астамы белгілі бір дәрежеде «сапа инфрақұрылымымен» байланысқан. Тамақ өнеркәсібінен бастап күрделі машина жасауға дейінгі барлық салада қауіпсіздік пен сапа талаптары белгіленген. Сондықтан зертханалық зерттеулер мен сынақтар деңгейін үнемі арттырып отыру, институттар мен университеттердің ғылыми әлеуетін осы жұмысқа жұмылдыру маңызды.

«Олардың жұмысы әлемдік стандарттарға сай келетін сапалы өнім өндіруге, сыртқы нарықтарға шығуға жәрдемдесуге тиіс. Сондай-ақ, өнімдері тиісті стандарттарға сай келуіне бизнестің өзі де мүдделі болуы керек екенін атап өтемін. Бұған дейін әкімшілік кедергілерді азайту үшін біз өнімдерді, сондай-ақ зертханалардың қызметін мемлекеттік бақылау рәсімдерін оңайлаттық. Бірақ бұл жерде мүдделердің тепе-теңдік принципі сақталуға тиіс. Мысалы, энергия станцияларының жөнделуін, өнеркәсіп объектілерінде тіпті, аттракциондардағы қауіпсіздікті бақылау талаптарының төмендеуі керісінше әсер бергенін айта кету керек», - деді Олжас Бектенов.

Премьер-Министр дерегінше, тек биылғы жылдың өзінде осы салада анықталған бұзушылықтардың өсуі 70 пайыздан асып кетті.

«Сондай-ақ, әкелінетін автокөлікке негізсіз берілген 6,5 мыңнан астам қауіпсіздік сертификаттарының күшін жоюға тура келді. Мұндай жағдайлардың алдын алу қажет. Біз азаматтарымызды жалған және қауіпті өнімдерден қорғауға тиіспіз. Сондықтан мемлекеттің реттеушілік функцияларын тиімді күшейтетін және бизнестің жауапкершілігін арттыратын кез жетті», - деді ол.

Осы орайда Үкімет басшысы Сауда және интеграция министрі атаған ұсыныстарды қолдайтындығын жеткізді.

«Олар заңнамалық деңгейде де іске асырылуға тиіс. Сауда министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және бизнес-қоғамдастықпен бірлесіп, тиісті түзетулерді жедел түрде пысықтасын», - деді Премьер-Министр.