Қала әкімдігінің сайтының хабарлауынша, кездесуде Astana Smart City бағдарламасы аясында басты мақсаты желілік жарықтандыру базасында ақылды қала сервистерін дамыту үшін қалалық инфрақұрылым желісін құрудың бірінші кезегін іске қосу болып табылатын жобаларды іске асыру мәселесі талқыланды.
«Көшені жарықтандыру» жобасы бойынша 2017 жылы ескі үлгідегі шамдарды 100 пайыз сапалы ақ жарық беретін көше шамдарымен (25 000 аса) толық алмастыру және жарықтандыруды басқарудың 516 шкафын жаңғырту жоспарланған. Бұл электр энергиясы мен жарықтандыру жүйелерін пайдалануға жұмсалатын шығынды және жарықтандыру жүйесін пайдалануды 60% азайтуға, сондай-ақ қаладағы қауіпсіздікті арттыруға мүмкіндік береді.
ТМД-да қашықтықтан мониторингтеу және жарықтандыру жүйесінің жұмысын басқару мүмкіндігімен ақылды қаланы басқару сервистерінің City Digital Program платформасы алғаш рет енгізілмек. Сонымен қатар осы жобаның негізінде IoT (Internet of Things) мәліметтер тарату желісі жасалады, ол ақылды қаланың 10-нан астам қосымша сервисін, соның ішінде экоқұрылғылар, ТКШ мәліметтерін жинау және өңдеу, қоқыс жинау тетіктері, оpen Wi-Fi, көшелердегі жүктеменің трафигін талдау, аялдамалардағы ақпараттық киоскілер мен басқаларын дамытуға жол ашады.
Айта кетейік, жоба мемлекеттік-жеке меншік әріптестік механизмі бойынша жеке инвестицияның есебінен жүзеге асырылады. Инвестор қаржысы электр энергиясын тұтынуды үнемдеудің есебінен қайтарылады.
Кездесу барысында талқыланған екінші жоба - Желілік Академияның ашылуы, онда CISCO компаниясы Smart Astana жобаларын іске асыру үшін ІТ саласында кадрлар дайындаумен және қайта даярлаумен айналысатын болады.
Үшінші жоба - «Е-киоск», бұл жобаның арқасында елорда тұрғындарына қашықтықтан мемлекеттік қызметтер көрсету мүмкіндігі туады.