Сисем ата қорымы неге батырлар пантеоны деп аталады

Фото: Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорығы

АҚТАУ. KAZINFORM — Маңғыстаудағы Сисем ата қорымы өңір тарихында ерекше орын алады. Мамандардың айтуынша, бұл қорым — тек көне ескерткіш қана емес, Адай руының батырлары мен би-шешендері мәңгі тыныстаған киелі мекен.

Сисем ата қорымы Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы Өтес ауылынан 35 шақырым солтүстік бағытта орналасқан.

Ескерткіш алғаш рет 1982 жылы Қазақ ССР Министрлер кеңесінің қаулысымен мемлекеттік қорғауға алынған. Қазіргі таңда республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізіміне енгізілген.

Маңғыстау облыстық мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының экскурсия-көпшілік бөлімінің меңгерушісі Айман Яриханованың айтуынша, Сисем ата — өлкені мекендеген көшпелілердің сәулет өнері мен салт-дәстүрін, діни дүниетанымын және әлеуметтік-саяси тарихын бейнелейтін құнды нысан.

— Қорым батыс Үстірт шыңдары аймағында орналасқан және Маңғыстаудағы ең ірі және ежелгі қорымдардың бірі. Қорымның негізгі бөлігі Сисем ата қабірінің айналасына топталған. Қабірүсті ескерткіштерде XIV ғасырдан бастап дулыға пішінді сәулет элементтері кездеседі. Бұл белгілер жорықта қаза тапқан батырлардың қабірін айқындаған. Сондай-ақ, кіші жүз Байұлы, Әлімұлы, Жетіру руларының таңбалары қашалған, ал жергілікті шеберлер Жылқыбай Доралұлы, Тұрлымұрат Сатыбалдыұлы және Сақи ұлдары дәстүрлі тас өңдеу өнерін көрсеткен, — дейді ол.

Фото: Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорығы

Аңыздарға қарағанда, Сисем ата орта ғасырларда оғыз-қыпшақ дәуірінде өмір сүріп, Ислам дінін алғаш уағыздаушылардың бірі болған. Ол Адай руына осы өңірге қоныстануға бата берген.

Сол себептен Сисем ата қайтыс болған соң Адай руының әулиесіне айналып, оның мазарының маңында батырлар қорымы құрылды.

— Қорымда ел қорғаған батырлар мен би-шешендердің қабірлері сақталған. Олардың қатарында Қонай батыр Кенжеұлы, Есенұлы Сейід би, Төлеп батыр Әнетұлы, Үргешбайұлы Сүйінқара би-батыр, Мәмбетнияз би-болыс және басқа да тарихи тұлғалар бар. Бұл қасиетті орын кіші жүздің игі жақсылары мен жайсаңдарының мәңгілік тыныстаған «пантеоны» іспетті. Грекше «пантеон» — барша Құдай ұлдары мен құдай сүйген ұлдар демалатын орын дегенді білдіреді. Яғни, өлкенің ең игі жақсылары, би-шешендері мен батырлары шоғырланған жері «Сисем ата — батырлар пантеоны» деп аталған, — дейді маман.

Қорымның құбыла тұсындағы шағын Әз әулие қорымы Сисем атаның шешесі деп есептеледі. Жергілікті халық әруақтарға құрбандық шалып, зиярат ету дәстүріне сәйкес алдымен Әз әулиеге тәу етеді, содан соң Сисем ата мазарына барады.

Айман Яриханованың айтуынша, Сисем ата қорымы тарихи-мәдени ескерткіш ретінде жастарды патриоттық тәрбиелеуде маңызды орын алады. 

Фото: Маңғыстау облыстық тарихи-мәдени қорығы

Бұған дейін Маңғыстаудағы ЮНЕСКО тізіміне енгізілуі мүмкін жерасты мешіттері туралы жазған болатынбыз.