Си Цзиньпин 23-25 қыркүйек аралығында АҚШ-қа барады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 23-25 қыркүйек аралығында АҚШ-қа мемлекеттік сапармен барады, деп хабарлайды Бейжіңдегі Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Ақорда

Бұл туралы дүйсенбіде өткен баспасөз мәслихатында ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь хабарлады. Оның айтуынша, сапар АҚШ Президентінің шақыруымен өтеді.

— Сапар барысында Си Цзиньпин мен Дональд Трамп Қытай-АҚШ қатынастарының өзекті мәселелерін талқылап, әлемдегі бейбітшілік пен жаһандық даму бағыттары бойынша жан-жақты пікір алмасады, — деді Го Цзякунь.

Оның айтуынша, мемлекет басшылары арасындағы дипломатиялық байланыс Қытай-АҚШ қатынастарын стратегиялық тұрғыдан дамытуда айрықша маңызды рөл атқарады. Ал алты ай ішінде екі ел көшбасшысының өзара кездесуі — тарихтағы маңызды белес.

— Қытай АҚШ-пен бірге екіжақты қатынастарды сындарлы стратегиялық тұрақтылық негізінде дамытуға, диалог пен ынтымақтастықты нығайтуға, келіспеушіліктерді дұрыс реттеуге және екі ел халықтарының әл-ауқатын одан әрі арттыруға ниетті. Сонымен қатар әлемде бейбітшілік, тұрақтылық пен өркендеуді ілгерілетуге күш салады, — деді дипломат.

Бұған дейін Трамптың Қытайға сапарын аяқтағаны хабарланған болатын.

Ақзат Жиеналина