«Сыйлыққа пәтер алып, жалған жобаларға рұқсат берген»: Алматы урбанистика басқармасының басшысына қандай айып тағылды

Фото: Фото: almaty.tv

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы сотында Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысына қатысты алдын ала тыңдау басталды. Қылмыстық іс Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотында қаралып жатыр.

Сот алдында 6 айыпталушы жауап береді. Олардың қатарында Алмасхан Ахмеджановтан басқа бұрын қаланың Жер қатынастары басқармасының басшысы болған Ардақ Самамбетов те бар.

Фото: almaty.tv

Династия тұрғын үй кешені

Тергеу Ахмеджанов 2020-2023 жылдары құзыретіне сәулет-жоспарлау тапсырмаларын беру және эскиздік жобаларды мақұлдау қызметтері кіретін лауазымды атқарған тұста өзінің және өзге ұйымдар мен тұлғалардың пайдасы үшін, атап айтқанда, М.Абдибаева және «MDi-Max Group» ЖШС-на «Ерменсай» ықшам ауданы, 4 мекенжайы бойынша (ЖК Династия) нысаналы мақсатын өзгертпей әрі кадастрлық құнын төлемей құрылыс бастауға рұқсат қағаздарын бергенін анықтады.

- Айтылған іс-әрекеттердің кесірінен мердігер құны 152 миллион теңге болатын кадастрлық төлемді төлеген жоқ, - деді прокурор.

Regis Hills коттедж қалашағы

Сол уақытта Ахмеджанов «Ерменсай» ықшам ауданы, 3 мекенжайында Regis Hills коттедж қалашағының құрылысын бастау үшін «BI Almaty Project» ЖШС-ына (жаңа атауы «BI Development Almaty») нысаналы мақсатын өзгертпей әрі кадастрлық құнын төлемей рұқсат қағаздарын берді. Коттедж қалашағының жоспарына 11 таунхаус, 3 коттедж, 2 вилла және 1 қонақ үй кірген. Аталған іс-әрекеттердің кесірінен мердігер компания 111 миллион теңге кадастрлық төлем төлемеген.

«River park» тұрғын үй кешені

Сондай-ақ, көптеген заңбұзушылықтарды біле тұра Ахмеджанов өзінің қызметін пайдаланып, қалада 5 көпқабатты тұрғын үй кешенін салуға рұқсат берген. Ал мердігер компаниялардан өз пайдасы үшін заңсыз салынып жатқан тұрғын үйлерден пәтер талап еткен. Осылайша қолданысқа берілген 3 тұрғын үйдің әрқайсысынан оның туыстарына бір-бір пәтерден берілген. Олардың бірі – Медеу ауданында Тянь-Шанская көшесі, 9Г мекенжайында «Корпорация АРТ Медиа» ЖШС-ы құрылыс жүргізген «River park» тұрғын үй кешені.

- 2019 жылы Ахмеджанов «Корпорация АРТ Медиа» ЖШС құрылысшысына Тянь-Шаньская көшесі, 9Г бойындағы тұрғын үй кешенінің құрылысына архитектуралық-жоспарлау тапсырмасын берді. Сол жылы құрылыс нормаларының бұзылуы мен эскиздік жобаның іс жүзінде сәйкес келмеуін біле тұра құрылысшыға «River Park»ТК құрылысына арналған эскиздік жобаны негізсіз мақұлдайды. Сонымен қатар ол бас мердігерден өзінің күйеу баласы И. үшін салынып жатқан тұрғын үй кешеніндегі пәтерге айтарлықтай жеңілдік талап етті. Осылайша мемлекеттік биліктің беделіне нұқсан келтірді, – деді мемлекеттік айыптаушы.

Тергеу деректері бойынша, «Корпорация АРТ Медиа» ЖШС мен И. арасында 9,6 млн теңгеге «River Park» ТК-дегі үш бөлмелі пәтерді (70,5 шаршы метр) сатып алу-сатудың алдын ала шарты жасалған. 2023 жылы мұндай пәтер 31,5 миллион теңгеге бағаланған.

«Elite life» тұрғын үй кешені

2021 жылы Ахмеджанов Қажымұқан көшесі бойында «Elite life» тұрғын үй кешенінің құрылысын бастауға «Атриум плюс» ЖШС-ның сәулет-жоспарлау тапсырмасына келісім берді. Тергеу мәліметіне сәйкес, айыпталушы объектінің құрылысы «қызыл жолақта» орналасқан жер учаскесінде салу жоспарланғанын, сондай-ақ ғимарат биіктігі мен өзге де нормаларының бұзылғанын білген.

- Бұл ретте Ахмеджанов құрылыс компаниясы басшыларының бірі Ч.-мен кездескенде өзінің қызметтік жағдайының маңыздылығын түсініп, одан салынып жатқан тұрғын үйдегі пәтерге айтарлықтай жеңілдік талап етті, – деді прокурор.

Осыдан кейін компанияның құрылтайшысы «Elite Life» кешенінен Ахмеджановқа пәтер сыйлайды. Тергеу мәліметтері бойынша, 2021 жылдың 27 мамырында «Атриум плюс» ЖШС мен Ахмеджановтың әкесі арасында 38,2 млн теңгеге «Elite life» тұрғын үйінде пәтерді сатып алу-сату шарты жасалған. Бірақ бұл қаражат сатып алушы тарапынан төленбеген. Сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы 2022 жылы Ахмеджановтың анасы және күйеу баласы 38 миллион және 25 миллионға екі пәтердің сатып алу-сату шартын «Атриум плюс» компаниясымен тек қағаз жүзінде жасағанын атап өтті.

Жалған инвестициялық жобалар

Тергеу мәліметтері бойынша, Алмасхан Ахмеджанов пен Ардақ Самамбетов 2020-2023 жылдары өңірлік үйлестіру кеңесін айналып өтіп, жекелеген кәсіпкерлердің мүдделерін қолдап, оларға мемлекеттік қордан жер учаскесін заңсыз иемденуге жәрдем көрсетті. Жер учаскелеріне сауда-саттық рәсімдері жасалмай, кадастрлық құны бойынша сатылған.

- Кәсіпкерлер өздерін қызықтыратын учаскелерді таңдап, 2020 жылы өз бақылауындағы «АБЗ Ақтас» ЖШС, «T Super Service» ЖШС, «ТМТ Invest» ЖШС компаниялардың атынан Алматы әкімдігіне өздері ойлап тапқан инвестициялық жобалардың (халыққа қызмет көрсету объектілері, медициналық орталық, сауықтыру орталықтары) құрылысына аталған жер учаскелерін бөлу туралы хат жолдады. Ахмеджанов олардың инвестициялық жобаға жатпайтынын біле тұра Өңірлік үйлестіру кеңесімен ақылдаспай, Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының атынан оларға инвестициялық жоба ретінде келісім берді және оны басқарманың елтаңбалы мөрмен бекітті, – деді прокурор.

Әрі қарай үш кәсіпкер өз жобаларын Жер қатынастары басқармасына жіберді. Басқарма басшысы Ардақ Самамбетов Жер кодексінің 48-бабын бұза отырып, өңірлік үйлестіру кеңесінің келісімін алмай, Жер комиссиясының оң қорытындысының жобасын дайындауды тапсырады.

- Жер комиссиясында Самамбетов пен Ахмеджанов инвестициялық жобалар сылтауымен жоғарыда аталған жер учаскелерін «АБЗ Ақтас» ЖШС, «T Super Service» ЖШС, «ТМТ Invest» ЖШС-ына жалға беруге дауыс берді. Екі басшының ұстанымын ескере отырып, жер комиссиясының қалған мүшелері де бұл шешімге қосылады. Нәтижесінде мәлімдеген жобаларды салу үшін үш жыл мерзімге уақытша өтеулі қысқа мерзімді жер пайдалану құқығын беру туралы шешім қабылданды, – деп атап өтті мемлекеттік айыптаушы.

Тергеу мәліметіне сәйкес, аталған жер учаскелері кейіннен үш компанияның жеке меншігіне өтіп кеткен. Атап айтқанда, «АБЗ Ақтас» ЖШС «Қазақфильм» ықшам ауданындағы жер учаскесін нарықтық құны 80 млн теңге болғанына қарамастан, 5,4 млн теңгеге сатып алған. Ал «T Super Service» ЖШС Абай-Прокофьев көшелерінің қиылысындағы нарықтық құны 118,8 млн теңге болатын аумақты 13,2 млн теңгеге, «ТМТ Invest» ЖШС Әуезов ауданындағы нарықтық құны 82 млн теңге болатын жер учаскесін 7,5 млн теңгеге сатып алды. Алайда аталған аумақтарда жобада көрсетілген халыққа қызмет көрсету объектілері салынған жоқ.

Еске салайық, 2023 жылы Алматыда заңсыз құрылысқа рұқсат беріп келген урбанистика басқармасының басшысы ұсталған болатын