Сіздер толымды шығармалар жазып жатырсыздар, өздеріңізді кемсітпеңіздер ? Ұйғыр әдеби кеңесінің төрағасы А. Әшіров
11:44, 30 Мамыр 2009
АЛМАТЫ. Мамырдың 30-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Сіздер толымды шығармалар жазып жатырсыздар, өздеріңізді кемсітпеңіздер.
Біз сіздерден үлгі аламыз. Кеше Алматыда өткен Қазақстан Жазушылар одағының ІІІ пленумында Одақ жанындағы ұйғыр әдеби кеңесінің төрағасы Ахметжан Әшіров осылай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Менің бауырларым, біздің қойылымдар басқа ұлттық театрларда аз қойылады, насихаттау жағы жетіспей жатыр деп айтты. Ол жағынан Құдыс Қожамияров атындағы мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедия театрының ар-ұжданы таза. Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш Баян сұлу» қойылымын бірінші рет 1938 жылы ұйғыр театры қойған. Ол наурызда бізде, қарашада Шымкентте, желтоқсанда Семейде, ал 1940 жылы үлкен театрда қойылыпты. Әкім Таразидың «Махамбет» қойылымы ұйғырша сахналанып, бұл шығармасы үшін оған «Илхам» сыйлығын да бердік. 75 жылдық тарихы бар театр сахнасында Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан», Иранбек Оразбаевтың «Қашқария», Сәбит Мұхановтың «Қашқар қызы», Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» да қойылды. Жақсы пьесалар болса, ұйғыр театры қазақ өнерін, қазақ драмасын насихаттауға дайын. Қайта ол бізді рухы жағынан байытады», - дейді Ахметжан Әшіров. Ұйғыр әдеби кеңесінің төрағасы өзінің қазақ драма театрларына көп баратынын, алайда онда қазақ драматургтері мен режиссерлерін көп көре алмай жүргенін қынжыла отырып жеткізді. «Қазақстандағы мәдени орталықтарда не болып жатқанын көріңіздер, танысыңыздар», - деп өтініш айтты. Сондай-ақ «сіздер толымды шығармалар жазып жатырсыздар, өздеріңізді кемсітпеңіздер. Біз сіздерден үлгі аламыз. Барды бағалай білейік», - деген ізгі ниетін де білдірді.