«СК-Фармация» 2009 жылдан бері 37 млрд. теңге бюджет қаржысын үнемдеді (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - «СК-Фармация» ЖШС 2009 жылдан бері 37 млрд. теңге бюджет қаржысын үнемдеді. Бұл туралы бүгін аталған серіктестіктің кеңейтілген отырысы барысында ҚР ДСӘДМ Медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті төрағасының орынбасары Лариса Пак мәлім етті.

«Егер 2009 жылы бірыңғай дистрибьютер дәрі-дәрмектің 27 түрін сатып алса, бүгінгі күні олардың саны 900-ден астамға жетіп отыр», деді ол.

Оның атап өтуінше, бүгінгі күні бірыңғай дистрибьютердің халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудегі рөлі өте жоғары. Серіктестік құрылған сәтте оның алдына халықты дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету, фармацевтика өндірісінің сапасын арттыру, сонымен қатар бюджет қаржысын үнемдейтін жүйе құру міндеті құрылған болатын.

«Бірыңғай дистрибьютердің 5 жылдық тәжірибесі оның дербестігін көрсетіп берді. Олар сияқты бірде бір медициналық ұйым дәрі-дәрмекті төмен бағаға сатып ала алмас еді. Бүгінгі күні 2009-2015 жылдары аралығында үнемделген бюджет қаржысын анық көріп отырмыз. Қазіргі уақытта бюджет қаржысы шамамен 37 млрд. теңгеге үнемделіп отыр. Өйткені, Бірыңғай дистрибьютер дәрі-дәрмекті іріктеу және бағаны төмендету әдісімен сатып алды», - деді Л.Пак.