«Әрине, өңірлерде кейбір кезде жоспарлау тұрғысынан мәселе туындайды. Байланыс орталығының пайда болуының ең бірінші себебі де осы. Осылайша, азаматтармен тікелей жұмыс жүргізуді жолға қойдық. Кейбір жағдайда медициналық мекемелерде дәрі-дәрмектер бітіп қалады. Кейбір медициналық мекеме керекті дәрі-дәрмек үшін өтінімді дұрыс бермей жатады. Сондықтан, әрбір азаматтың байланыс орталығына (1439 нөмірі) хабарласуына мүмкіндігі бар», - деді Берік Шәріп Парламент Сенатының депутаттарымен кездесу барысында.
Оның айтуынша, мамандар әр шағымды жеке қарастырып, мәселені шешуге тырысады.
«Әрбір шағым бойынша медициналық мекемемен тікелей хабарласамыз. Әр өңірде өзіміздің дәрі-дәрмек сақтайтын қоймамыз бар. Сол қоймадан дәрі-дәрмек жібереміз. Яғни, шағым түскен өңірдегі медициналық мекемеге 2-3 күннің ішінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жібере аламыз. Одан бөлек сирек кездесетін дәрі-дәрмекке арналған республикада төрт қоймамыз – Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан мен Ақтөбеде бар. Осы фармацевтикалық төрт хабтағы дәрі-дәрмекке байланысты арыз болса, тиісті дәріні 5-7 күнде жеткізе аламыз», - деді ол.
Берік Шәріптің сөзіне сенсек, «СК-Фармация» ЖШС-ның веб-сайтында дәрілік заттардың емханалардағы мөлшерін көруге болады. Яғни, әр науқас өз дертіне қарай қандай дәрі-дәрмекті алып отыр – сол дәрінің атауын веб-сайтқа енгізіп, қалғанын немесе қалмағанын көріп отыра алады.