«СК-Фармация» басшысы қызметтен кетті - министр Біртанов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтің бүгінгі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев "СК-Фармация" компаниясының басшылығына қатысты Президенттің тапсырмасы қалай орындалғанын сұрады, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Айтпақшы, Сіз (денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов - авт.) кадр мәселесі бойынша Президенттің берген тапсырмасын орындадыңыз ба?", - деп сұрады Сағынтаев. "Иә, шешім қабылданды. Енді, процедуралық жұмыстар қалды. "СК-Фармацияның" бірінші басшысы жұмыстан кету туралы арыз берді. Қазіргі кезде ол қызметтен шеттетілді", - деді денсаулық сақтау министрі.

Айта кетейік, кеше Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде  Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «СК-Фармация» компаниясының қызметін сынға алған болатын. «Фармация  мемлекет ақша беріп, сол ақшаны сатып алуларға жұмсайтын бірыңғай дистрибьютер. Бұл мафияға айналған. Олар фармацевтикалық фабрика салуға да  мүмкіншілік бермейді. Қазір өзімізді қанша дайын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етеміз? 50 пайыз болсын деп тапсырма беріп едім ғой»,-  деп сұрады Президент Денсаулық сақтау министрінен. «Жалпы, мемлекет тарабынан бөлінген ақшадан 30 пайызы өзіміздің өнімге жұмсалады. Жыл сайын көбейіп келеді. Бірақ, 30 пайыздан аспадық», - деді министр. Ал қазір фармфабрикалар саламыз деген бизнесмендер келеді, жібермейді. Жер бермейміз, тапсырыс бермейміз, дәрілеріңді сатып алмаймыз деп айтады.  Себебі ана жақтан, Австралиядан, Америкадан келісімшарт жасап қойдық. Міне осы келісімшарттың артында біреулер тұр. Содан пайда алып отыр. Отандық фармацевтика саласын дамытқысы келмейді. Біз осыны өзгерте аламыз ба, жоқ па? Қазір «Фармацияда» отырғандардың бәрін қуып жібер. Жаңа адамдар қойып, ақшаның қайда жұмсалатын шешіңдер. Жаңа адамдар алыңдар. Мен мұны бірнеше жыл бойы айтып келемін. Ештеңе шықпай жатыр. Орнынан қозғау мүмкін емес, біреулер отыр.  Оларды кім қолдайды? Біртанов, бұл үшін сен жауап бересің», - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.