Скляр олигополия туралы: Біз шынымен де Жаңа Қазақстанда тұрып жатырмыз

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында елдегі олигополиямен күрес туралы пікір білдірді. 

— Мемлекет 2022 жылғы қаңтар оқиғасынан кейін олигополияны құртуға уәде берді. Бірақ үш жылдан кейін қарасақ, Вячеслав Ким, Тимур Құлыбаев, Тимур Турлов сияқты Forbes тізімін бастап тұрған азаматтар баюдың үстіне баи түскен. Ал кедейлік шегінен төмен деңгейде күн көріп жатқан халықтың саны өзгеріссіз қалып отыр — 1 млн адамның төңірегінде. Неге бұлай, — деп сұрады журналсит.

Премьер-министрдің орынбасары сұрақ авторын Қазақстанда олигополия жоқ екеніне сендіріп бақты.

— Олигополия туралы айтсақ, бәріңіз білесіздер, келісуіңіз де мүмкін, келіспесеңіз де болады, бірақ шындық осы. Біз шынымен де Жаңа Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. 2022 жылы бәріміз үлкен сынақтан өттік. Жаңа Қазақстанды құруымыз керек деген мәлімдеме жасадық. Бізде олигополия жоқ. Бұл туралы нақты айта аламын, — деді ол.

Оның пайымдауынша Forbes тізіміндегі ықпалды кәсіпкерлер мемлекеттің экономикалық саясатына әсер ете алмайды.

— Сіз олигополияға жатқызып отырған адамдар, олигополия ретінде атағыңыз келіп тұрған компаниялар мемлекеттің жұмысына ықпал ете алмайды. Олар мемлекеттік органдар қабылдайтын шешімдерге ықпал етіп отырған жоқ. Олар Парламенттің шешімдеріне, заң шығару бастамаларына ықпал етпейді. Премьер-министр төрағалық ететін арнайы комиссия монополиясыздандыру жұмыстары аяқталып қалды деуге болады. Активтерді қайтару жүріп жатыр. Бұған дейін елде жұмыс істеген кәсіпкерлер әрі қарай да өз қызметін жүргізуге хақылы, — деді бірінші вице-премьер.

Айта кетейік, кеше Роман Скляр Airbus-тың Еуропа бойынша президенті Жоан Пелисьемен авиация саласындағы ынтымақтастықты дамыту жайын талқылап, Қазақстан аумағында азаматтық және мемлекеттік авиация ұшақтарын жөндеу мен қызмет көрсету орталығын ашу қажеттігін мәлімдеген болатын